Disney-дің «Ойыншықтар хикаясы 5» атты жаңа мультфильмі қазақша сөйледі

Астанада Disney мен Pixar студияларының жаңа туындысы – «Ойыншықтар хикаясы 5» мультфильмінің қазақ тіліндегі арнайы көрсетілімі өтті.

 «Қазақ тілі» қоғамы Бүгiн 2026, 10:27
Бүгiн 2026, 10:27
71
Фото: «Қазақ тілі» қоғамы

Жаңа анимациялық фильм балалар мен ата-аналарды толғандыратын өзекті мәселелерді көтереді. Мамандардың айтуынша, туындыда гаджетке тәуелділік, буллинг және балалар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті қызықты оқиға желісі арқылы көрініс тапқан.

Арнайы көрсетілімге қатысқан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюі балалардың тілдік ортасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Ойыншықтар хикаясы 5» мультфильмінің қазақ тілінде жарық көруі – қуанышты жаңалық. Балалар жақсы көретін кейіпкерлердің қазақша сөйлегені олардың ана тіліне деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар өзге тілде тәрбиеленіп жатқан балалардың да қазақ тілін қабылдауына оң әсер етеді. Фильмнің тақырыбы бүгінгі қоғам үшін өте өзекті. Онда ойыншықтар балалардың назарын гаджеттерден алыстатып, шынайы өмірге қайта оралтуға тырысады. Бұл – көптеген ата-ананы алаңдатып жүрген мәселе. Сондықтан туындының тәрбиелік мәні зор деп ойлаймын, – деді ол.

Мультфильмнің қазақ тіліндегі дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, жаңа бөлім қазіргі балалар өміріндегі маңызды мәселелердің біріне назар аударады.

«Ойыншықтар хикаясының» әр бөлімі көрерменге белгілі бір ой тастап келеді. Бесінші бөлімде басты кейіпкерлер баланы гаджеттердің ықпалынан арашалап қалуға тырысады. Өйткені бүгінде көптеген бала уақытын телефон мен планшетке жұмсайды. Соның салдарынан олардың бір-бірімен қарым-қатынасы азайып барады. Сонымен қатар фильмде буллинг мәселесі де қозғалады. Барлық тақырып көрерменге жеңіл әрі қызықты форматта ұсынылған. Әсіресе ата-аналар үшін ой салар тұстары көп, – деді ол.

Оның айтуынша, фильмді қазақ тіліне бейімдеу жұмыстары шамамен бір айға созылған. Осы уақыт ішінде мәтін аударылып, кейіпкерлерге кастинг өткізіліп, дыбыстау және монтаж жұмыстары жүргізілген. Кейіпкерлердің дауысын кәсіби театр және кино актерлері сомдаған.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мәліметінше, Disney компаниясы өз фильмдерін әлемнің түрлі елдеріндегі көрерменге бейімдеп, ондаған тілге дубляждап келеді. Қазіргі таңда студия өз жобаларын жыл сайын 40-тан астам тілде ұсынады.

Соңғы үш жылда Disney қазақ тіліндегі дубляжға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы кезеңде «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» және басқа да фильмдердің қазақша нұсқалары жарық көрді.

Мамандардың пікірінше, балаларға арналған сапалы қазақ тіліндегі контенттің көбеюі олардың ақпаратты ана тілінде қабылдауына, тілдік ортасының нығаюына және әлемдік мәдениетпен қазақ тілі арқылы танысуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Ойыншықтар хикаясы 5» мультфильмі 19 маусымнан бастап Қазақстан кинотеатрларында көрсетіледі.

Наверх