Германияның Төменгі Саксония штатындағы Ольденбург қаласында полиция дискотекада келушілерге шабуыл жасаған ер адамды атып өлтірді. Бұл туралы Bild газеті дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға Моттенштрассе көшесіндегі түнгі клуб маңында болған. Белгісіз ер адам дискотекаға кірмек болып тұрған бірнеше адамға шабуыл жасаған. Бірнеше қонақ жеңіл жарақат алды.
Шабуылдан кейін ер адам оқиға орнынан қашып кеткен. Қала орталығында оны патрульдік полиция қызметкерлері анықтап, ұстауға әрекеттенген. Алайда күдікті полицияға қарсылық көрсетіп, шабуыл жасаған. Салдарынан тәртіп сақшылары қызметтік қару қолдануға мәжбүр болып, ер адамды атып тастаған, - делінген материалда.
Күдікті оқиға орнында көз жұмды. Оның жеке басы әзірге анықталған жоқ. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, полиция қызметкерінің қару қолдануының заңдылығы да тексерілуде.