Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Директор зейнетке шыққан мұғалімді жұмыстан босатқан: Енді зейнеткерге өтемақы төленеді

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
13 Тамыз 2025, 11:21
33542
Бөлісу:
 Бақытжан БАТЫРХАНҰЛЫ  - архив
Фото: Бақытжан БАТЫРХАНҰЛЫ - архив

Жамбыл облысы Жуалы ауданында тарих пәнінің мұғалімі сот арқылы жұмысқа қайта орналасты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоғарғы соттың мәліметінше, 1991 жылдан бері орта мектепте еңбек етіп келген педагог 2024 жылдың желтоқсанында зейнеткерлік жасқа жеткен соң, оқу жылының соңына дейін жұмысын жалғастыруға ниет білдіріп, мектеп директорының атына арыз жазған. Алайда оның өтініші қабылданбай, зейнетке шығуына байланысты жұмыстан босатылған.

Мұғалім бұл шешімге келіспей, сотқа жүгініп, қызметін қалпына келтіруді, мәжбүрлі түрде сабақ бермеген уақыттағы жалақысын және моральдық өтемақы төлеуді талап етті, - делінген хабарламада.

Сот мектеп әкімшілігінің әрекетін Еңбек кодексін, ұжымдық шарт пен салалық келісімді өрескел бұзу деп тапты. Жұмыс беруші еңбек шартын бұзу туралы заңда көрсетілген мерзімде хабарлама бермеген және қызметкердің құқықтарын сақтамаған.

Жуалы аудандық соты мұғалімді бұрынғы қызметіне қайта орналастырып, 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың мамыр айына дейінгі жалақы ретінде 2,1 млн теңге, моральдық шығын ретінде 100 мың теңге және өкіл қызметінің ақысы ретінде 250 мың теңге төлеу туралы шешім шығарды.

Сонымен қатар сот аудандық білім бөліміне мұндай заң бұзушылықтардың қайталанбауы үшін шара қолдану туралы жеке ұйғарым жасады.

Мектеп директоры апелляциялық шағым түсіргенімен, Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.

Өзгелердің жаңалығы