Директор болмаса мектептің қауіпсіздігі қадағаланбауы керек пе? – Аймағамбетов

2 Қараша 2021, 13:44
11177
Бөлісу:
Директор болмаса мектептің қауіпсіздігі қадағаланбауы керек пе? – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов мектептердегі балалардың қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Министр елордадағы №58 мектеп-гимназиясында болған жағдайға қатысты пікірін білдірді.

№58 мектеп-гимназиясының кіреберісінде бөгде адамдар ғимаратқа рұқсатсыз кірмекші болып, ішкі тәртіпті бұзған. Өз кезегінде мектеп әкімшілігі бұған мән бермеген. Алгоритм бойынша шаралар қабылданбаған. Сөйтіп, балалардың өміріне қауіп төндіруге жол берген. Ең бастысы – балалардың өмірі мен олардың қауіпсіздігі, - деді бас ұстаз.

Асхат Аймағамбетов атағандай, мектеп және басқа кез келген білім беру мекемесі бала қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз етуі керек. Барлық тиісті алгоритм, шешім, техника, бақылау жүйесі осы мақсатта қолданылуы тиіс.

Тексеру жүргізілді. Мектептің реакциясы мүлде болмады. Егер олар басқа адамдар болғанда не болар еді? Оның үстіне бұл оқиға туралы бірнеше күн өткеннен кейін ғана белгілі болды. Яғни мектептің дер кезінде назар аудармағанынан бөлек, оқиғаны жасырды деуге болады. Ешқандай шара қабылдамады, - деді министр.

Аппарат отырысы кезінде Аймағамбетов осы оқиғаға қатысты Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы өкілдерінен түсінік беруді сұрады.

Өз кезегінде Білім басқармасы басшысының орынбасары Асыл Амангелдіқызы жауап берді.

№58 мектеп-гимназиясындағы инцидент 5 қазанда болған. Ол күні мектеп директоры қала әкімінің жиналысына кеткен. Сол күні үш әйел мектепке баса-көктеп кіріп, күзетшімен төбелескен. Олар алдымен қызметшілерді алдап кіріп, мектеп басшысымен кездесуге келгендері туралы айтқан. Күзетшіге қол көтергендері туралы фактілер тіркелді. Полиция шақырылды. Сондай-ақ медициналық қызметкерлерге де қол көтерген. Бүгінгі күні мектеп әкімшілігі үш кісіні жалған ақпарат таратқаны және медқызметкер мен күзетшіге қол көтергені үшін сотқа берді. 27 қазанда ауданаралық мамандандырылған соттың шешімі шықты, - деді Білім басқармасы өкілі.

Министр мектептегі қауіпсіздік директор қайда болса да, қамтамасыз етілуі керегін айтты.

Мәселе директор орнында болды не болмады дегенге қатысты болмауы керек. Ол қалай? Директор жұмыстарымен мектептен тыс жерде болса, онда мектепте қауіпсіздік қамтамасыз етілмеуі керек пе? Бұған сүйенудің қажеті жоқ. Екіншіден, күзет қызметіне қатысты арнайы тапсырма бердік. Күзет қызметі осындай жағдайлар үшін арнайы мамандандырылған болуы керек. Тиісті шара қолданыңыздар, - деп тапсырма берді Аймағамбетов аппарат отырысында.

Министр бұл жағдай проблеманың әлі де барын көрсетіп отырғанын айтты. Айтуынша, қарашаның ортасында республика бойынша қосымша тексеріс жүргізіледі.

Қаражат бөліп, мемлекеттік сатып алу жұмысын жүргізіп, мәселені шешуге мүмкіндік болды. Балалардың қауіпсіздігі – ең басты мәселе. Қауіпсіздік қамтамасыз етілуі керек. Жергілікті әкімдіктердің балансындағы мектептер екенін түсінемін. Жергілікті әкімдіктерге тәуелді және содан қаржыландырылады. Бірақ қоғамға оған кім жауап беретіні бәрібір. Әкімдік жауап бере ме, министрлік жауап бере ме? Қоғамға керегі – балалардың қауіпсіздігі, - деп түсіндірді БҒМ басшысы.



Өзгелердің жаңалығы