Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері астықты форвардты сатып алу бағдарламасына қатысу үшін 5 миллиард теңгеге өтінім беріп отыр. Бүгінге дейін 4 миллиардтан астам теңгенің өтінімі мақұлданған.
Бағдарламаның мәнісі былай: Мемлекет фермерлерден алда өсіп шығатын бидай, арпа, қарақұмық, күнбағыс, зығыр және рапс өнімдерін алдын ала сатып алады. Толық есеп айырысу нарықтағы бағаға сәйкес күзде жүргізіледі.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы форвардты сатып алу бағдарламасын 2011 жылдан 2016 жылға дейін жүзеге асырған еді. Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге егіс науқаны үшін ақшалай көмек көрсету мүмкіндігі ретінде қайта іске қосылып отыр. Бірақ, мамандардың айтуынша, бұл жолы форвардты сатып алу механизмі өзгерген.
Бір ерекшелік – бағаның белгіленбеуі. Яғни, шарт бойынша есеп айырысу кезінде астықтың қыркүйектен 15 қарашаға дейінгі нарықтағы құны ескерілуі тиіс. Алдын ала төлемдегі бағасынан арзан не қымбат болса, айырмашылық төленеді, - дейді "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК АҚ Қостанай филиалы директоры Мирас Төрежанов.
Өңірде форвардты сатып алу бағдарламасына биыл 6,3 млрд теңге қарастырылған. Мирас Төрежановтың айтуынша, бүгінге дейін сұралған 5 млрд теңгенің 1 млрд-тан астамы шаруаларға жіберілген. Диқандар аталған ақшаны екінші деңгейдегі банктер немесе "Тобыл" ӘКК арқылы алып жатыр. Кепілге қойылған мүліктің жарамды-жарамсызын солар тексереді. Мақұлданған өтінімдер бойынша ақша алу үшін тауар өндірушілер бірқатар құжат дайындауы тиіс.
Құжаттарды әзірлеу ұзақ процесс емес. Көбі – басында рәсімдегендер, олар ақшаны егін егу үшін ғана емес, тыңайтқыштар сатып алу үшін де пайдалана алады, - деді Мирас Төрежанов.
Мемлекет биыл тауар өндірушілердің өнімдерін 24,5 млрд теңгеге сатып алуды көздеп отыр. Алдына ала жасалған келісімшарт арқылы. Диқандар өнімдерін осы жылдың 15 қарашасына дейін жеткізуі тиіс.
Қостанай өңірінде Жангелдин ауданынан басқа барлық аудан форвардты сатып алуға қатысуға өтінім берген. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұл науқанда, әсіресе, Қарабалық, Әулиекөл және Науырзым аудандарының шаруалары белсенді.