«Дипломмен – ауылға»: 5 млн теңге алған медбике белгіленген мерзімге жетпей кетіп қалған

Медбике ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелген. Алайда келісімшарт бұзылып, прокуратура мемлекет қаражатын қайтару үшін іске араласты.

23 Қыркүйек 2026, 19:09
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 23 Қыркүйек 2026, 19:09
23 Қыркүйек 2026, 19:09
126
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Шығыс Қазақстан облысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алған азаматтардың шарттық міндеттемелерін орындамағаны анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 10,6 млн теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасының мәліметінше, тексеруді Марқакөл ауданының прокуратурасы жүргізген.

Оқиғалардың бірі 2023 жылы болған. Сол кезде 2024 жылға дейін Марқакөл ауданының құрамында болған Күршім ауданы әкімінің қаулысымен жас маманға 5 млн теңге көлемінде бюджеттік кредит және 345 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы берілген.

Әңгіме медициналық колледжді тәмамдап, аудандық ауруханаға жұмысқа орналасқан медбике туралы болып отыр.

Келісімшартқа сәйкес, ол ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеуге тиіс болған. Алайда медицина қызметкері бұл міндеттемені орындамаған.

Прокуратураның араласуынан кейін мемлекет кірісіне 2,95 млн теңге қайтарылды. Қалған соманы өндіріп алу мәселесі бақылауда.

Қадағалау органы бюджет қаражатының заңды әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.

Тағы оқи отырыңыз: Астанада массаж жасайтын әйел клиентінің ұрып-соғып, зорлағанын мәлімдеді: Күдікті ұсталды 

Наверх