Алаяқтар үшін дипфейк кибершабуылдар жасау және конфиденциалды деректерді ұрлау құралдарының бірі. Дипфейк – бұл ЖИ-дің көмегімен өңделген фотосурет, бейне немесе аудио жазба, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған технология адамдардың бет-әлпетін жасауға, кез-келген дауысты, мимиканы келтіруге немесе сөйлеу кезінде адам ешқашан қолданбаған сөздерді қосуға мүмкіндік береді. Кейбір сервистер тек бір ғана суреттің немесе бірнеше секундтық дауыстық жазбаның көмегі арқылы дипфейк бейне немесе аудио жасай алады.
Дипфейктің көмегімен қаскүнемдер:
- банктік шотқа қол жеткізу үшін бөтен адамның бейнесін қолдан жасай алады;
- қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыра және жалған кредиттер ресімдей алады;
- қайтыс болған адамның деректерін ұрлап алып, банктік онлайн-қызметтерге қол жеткізу үшін оған «жан бітіріе» және т. б. жасай алады.
Дипфейкті қалай ажыратуға болады және оның құрығына түсіп қалмау үшін не істеу қажет?
Келесі белгілерге назар аударыңыз: адамның біртүрлі көзін жыпылықтатуы, оның бейнеден жоғалып кетуі, қисынсыз сөздері, аздап кекештенуі немесе робот іспеттес сөйлеуі. Егер жақын адамыңыз немесе досыңыз қоңырау шалып, шұғыл ақша аударуды сұраса, әңгімені доғарыңыз және оған өзіңіз қоңырау шалыңыз. Сізге алаяқтар емес, шынымен оның қоңырау шалғанын тексеріңіз.
Дипфейктерді қолданатын киберқылмыскерлермен күресудің негізгі тәсілі - пайдаланушылардың осындай алдау схемасы туралы хабардарлығын арттыру және цифрлық гигиенаны сақтау. Бұған қосымша, мамандандырылған онлайн қызметтердің көмегімен фото және бейнематериалдарды тексеру ұсынылады.
Есіңізде болсын: кіріске кенелуге кепілді тек алаяқтар береді. Қаскүнемдер әртүрлі инвестициялық онлайн-платформаларда ақша табуға үгіттейді, оларға қатысу үшін жалған сайттарда өз деректеріңізді қалдырып, ұйымдастырушыларға аз мөлшерде ақша аудару керек. Танымал және құрметті адамдардың суреттерін қолданатын мұндай «жарнамаларға» сенуге болмайды.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұрақты негізде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде қаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларының киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдап отырады.
Қазіргі уақытта қаржы ұйымдарының клиенттерге қашықтан қызмет көрсету кезінде негізгі фактор ретінде биометрияны міндетті түрде пайдалана отырып, екі факторлы аутентификаттауды міндетті түрде қолдану бойынша талаптар қолданылуда.