Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін М.С.Нарықбаев атындағы КазГЮУ университетінде Нұр-Сұлтан қаласының Дін проблемаларын зерттеу орталығының ұйымдастыруымен "Діни экстремизм идеологиясының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі әдістерді жетілдіру" атты мемлекеттік қызметкерлерге арналған біліктілікті арттыру семинары өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Шара ҚР Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Оның мақсаты: дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша уәкілетті орган қызметкерлерінің және оқу орындарының дінтанушы-оқытушыларының біліктілігін арттыру, қала сарапшылары үшін бірыңғай ақпараттық хаб (HUV) құру, діни экстремизм идеологиясын таратуға қарсы тұру бойынша өзара қарым-қатынасты нығайту және жақсарту болып табылады.
Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Қазіргі таңда дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі діни экстремизм идеологиясының таралуының алдын-алу, дәстүрлі емес діни идеологияның таралуына қарсы насихат жүргізу болып табылады. Бұл салада көптеген мемлекеттік мекемелер өз бағыттарында тиімді жұмыс атқарып, кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруда. Діни экстремизм идеологиясының таралуымен күрес барлығымыздың ортақ жұмысымыз болғандықтан, баршаларыңызды семинар жұмысына белсенді қатысуларыңызды шақырамын. Бүгінгі іс-шарадан орасан тәжірибе алып, жұмыста тиімді пайдаланамыз деп сенемін,- деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева зайырлылық және конфессиялық келісім мәселелерін қозғаса, профессор Айдар Әбуовтың діни білім берудің өзекті мәселелеріне арналған баяндамасы білім беру мекемелері оқытушыларының қызығушылығын туғызды.
Ал "Kazislam.kz" ақпараттық-ағартушылық порталының редакторы Тұрар Әбуовтың діни ұстанымдар мен зайырлылық көзқарастар туралы баяндама жасады. Семинарға мемлекеттік органдар қызметкерлері мен білім беру мекемелері оқытушылары (жоғары оқу орындары, арнайы білім беру мекемелері және орта білім беретін мектептер) барлығы 200 жуық адам қатысты.