Динараларға арналады: қазақ қыздарының аты қымбат валюта атауларымен байланысты ма?

3 Қазан 2023, 14:46
1910
Бөлісу:
Динараларға арналады: қазақ қыздарының аты қымбат валюта атауларымен байланысты ма?
Фото: «Астана» халықаралық қаржы орталығынан

Қазақ халқы өз қыздарын бәрінен қымбат деп бағалаған, аялаған. Сол үшін оларға ең әдемі есімдер қойған. Бір қызығы әдемі аттардың көбі «қымбат, бағалы, құнды» дегенмен байланысты екен. Бұл туралы  «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметкері, тіл маманы Мәрлен Әділов айтып береді.

Қыздың қаншалықты құнды екенін оларға ең қымбат валютаның атымен қойғанынан да көреміз. Шүкір «доллар, фунт, евро» деген аттар бізде жоқ. Бірақ Динара, Манат, Ділдә аттары бар. Осы есімдердің барлығы «бағалы алтын тиын» деген мағынада екен. Әрине мұндай есімдер қыздың қалың мал бағасын емес, бір отбасы немесе ел үшін қаншалықты қымбат екендігін көрсетеді.

Қазақстандағы ең жиі кездесетін Динара есіміне келсек, ол «алтын ақша, қымбат алтын тиын» мағынасындағы арабша динар валюта атауынан келген. Динар қазіргі күні де араб елдерінің көбінде ресми валюта атауы ретінде қолданылады. Шығыс Европадағы елдерді қосқанда 20 мемлекеттің ресми ақшасы динар болған. Қазіргі күні 10 ел динарды ресми валюта деп таниды. Орта Азиядағы түрік тайпалары ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдағаннан кейін ақша айналымындағы «алтын тиындар» динар деген арабша атауға ие болды. Ал «күмістен соғылған тиынды» дирхам деп атаған. Бір динар он дирхамға тең болған деген дерек бар. Сол кезеңнің өзінде динар ең бағалы валюта болғаны Бахалығ динар ол билиглиг киши «Білімді адам бағалы динар» ДТС: 160 деген мәтелден аңғарылады. Динар сөзінің өзін арабша деп ойлап қалуымыз мүмкін, дегенмен ол Рим империясындағы «10» деген мағынаны білдіретін ескі денарий деген ақшадан келген деседі. Осыған қарап қазақтың жеке валютасы болмады дегеннен аулақпыз. Динара мен дирхам орта ғасырларда ислам дінімен бірге қатар кірген, қатар қолданылған тиын атаулары, ал оған дейін қолданылып, бүгінгі күнге дейін жеткен ақша, пұл, алтын, күміс, шақа, бақыр, жармақ, теңге атауларының тарихы туралы кітап жазуға болады.

Жастар Диля деп айтып жүрген Ділдә аты да бұрынғы ділдә деген «алтын ақша»дан шыққан. Қазіргі күні бұл ат Динара сияқты танымал болмаса да сирек кездеспейді. Абайдың бәйбішесінің аты Ділдә болғанын білесіздер. Негізі ділдә бұрын иран тілінде ресми валюта (бес күміске тең алтын жалатылған тиын) болған. Қазақ қызының Ділдә есімі осы иран тіліндегі «алтын ақша, алтын» мағынасынан шыққан. Қыз есімінен бөлек Ділдәбек, Ділдәбай, Қабділдә, Ділдәхан, Әбділдә тәрізді кісі есімдерінің құрамында кездеседі.

Бұл сөздің алғашқы мағынасы араб тілінде طلاء тилаа «күмісті жалатуға арналған сұйық алтын» болған. Өзбек тілінде де тилла сөзі бастапқы мағынасына жақын, мысалы: тилла тиш «алтын жалатылған тіс»; тилла суви «алтын бояу» УТИЛ II 177. Түркі тілдерінің біразында «алтын жалатылған күміс тиын» деген мағынада қолданылып, кейін келе «алтын ақша» немесе «алтын» деген мағынаға ауысып, кең таралып кетті.

Манат есімді қазақ қыздары да аз емес. Ол да «алтын тиын» мағынасындағы латынша moneta деген сөзден шыққан болуы мүмкін. Екінші жағынан манат қымбат мата түрі, бұнымен де байланыстылығын жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі күні Әзербайжан және Түркіменстанның ресми валютасы манат деп аталатынын жақсы білесіздер. Екі елдің манатының құны да төмен емес.

Қорыта келгенде, біз қыздарымызға ең қымбат металл, ең бағалы материалдардың атымен байланысты аттар көп қояды екенбіз. Мысалы Алтын, Күміс, Гауһар, Зарина, Зере, Інжу, Маржан, Меруерт сияқты аттар бағалы қазба байлықтармен байланысты. Жібек, Мақпал, Торғын, Шұға, Құндыз, Кәмшат есімдері қымбат мата, тері атауларымен байланысты аттар.

Ендеше қыздарымыз атына заты сай болып, қадірі еш түспесін, абырой биіктігінде асқақтай берсін. Ең бастысы өздерінің әлемнің ең қымбат жандары екенін ұмытпасын.

Бабаларымыз қыздарға лайықты ең әдемі есімдер қойып келген, қазіргі күні сол жолдан таймай қыздарымыздың дәрежесіне сәйкес қымбат мағынасындағы есімдерді қоя беруді жалғастырсақ екен. Бұл соңғы кездері Медина, Айлин, Сафия, т.б. есімдердің сәнге айналып жатқанынан кейін туған ой деп қабылдарсыздар.

Өзгелердің жаңалығы