«Әділет» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Динара Закиева партияның әлеуметтік саясаттағы басымдықтарын таныстырып, әлеуметтік көмектің атаулылығы мен тиімділігін күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан Конституцияға сәйкес әлеуметтік мемлекет болып табылады және жыл сайын республикалық бюджеттің қомақты бөлігі әлеуметтік салаға бағытталады. Сондықтан партия әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруге басымдық береді.
Біздің ойымызша, әлеуметтік көмек ең алдымен шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға көрсетілуі керек. Ол үшін әлеуметтік қолдау атаулылық және мұқтаждық қағидаттарына негізделуі тиіс. Ал оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін цифрлық платформаларды кеңінен қолдануды ұсынамыз, – деді Динара Закиева.
Ол әлеуметтік көмектің басты мақсаты азаматтарды жәрдемақыға тәуелді ету емес, олардың өз әлеуетін іске асырып, тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасау екенін айтты.
Балалар мен отбасыларды қолдау – негізгі басымдық
Спикердің мәліметінше, бүгінде елімізде 6 миллионнан астам отбасы мен 7 миллионға жуық бала бар. Осыған байланысты партия отбасы институтын нығайтуға және балалардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады.
Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды реформалар жүргізілді. Он бір заң қабылданып, барлық өңірде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, психологиялық қолдау орталықтары және Отбасын қолдау орталықтары құрылды. Бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны іске қосылып, балаларға арналған ұйымдарды лицензиялау енгізілді, – деді ол.
Оның айтуынша, ендігі міндет – осы жүйелердің тиімділігін арттырып, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу. Партия балаларға арналған eGov платформасында цифрлық маршрут әзірлеуді ұсынады.
Сонымен қатар биыл қабылданған «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында 157 нақты іс-шара жүзеге асырылады. Олар балалар ауруханаларын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге, барлық өңірде балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруіне жағдай жасауға, балалар инфрақұрылымын дамытуға және психологтар мен өзге де мамандардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Инклюзивті қоғам қалыптастыру
Динара Закиева ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда 751 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады.
Бұл бағыттағы саясат тек жәрдемақы төлеумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – олардың білім алуына, еңбек етуіне және қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау, – деді ол.
Партия осы мақсатта жасанды интеллектінің көмегімен мүгедектікті сырттай анықтау тетіктерін жетілдіруді, әлеуметтік ваучерлер жүйесін енгізуді, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау бағдарламаларын жаңартуды және қолжетімді инфрақұрылымның интерактивті картасын жасауды ұсынады.
Аға буынның белсенді өмір сүруіне жағдай жасау
Бағдарламада қарттарды қолдау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
Аға буынға қамқорлық тек зейнетақы төлеумен шектелмеуі керек. Біз олардың белсенді әрі лайықты өмір сүруіне жағдай жасауды көздейміз. Ол үшін цифрлық сауаттылықты арттыру және ұзақ мерзімді күтім жүйесін дамыту қажет, – деді ол.