Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған "Teambuilding" республикалық тренингі өтті.
Қазіргі кезде жастарымыздың қоғамдағы белсенділігі артып келеді. Бұл қуантарлық жағдай. Осы белсенділікті біз жақсы жағына бейімдей білуіміз керек. Себебі біз "жастар - ел болашағы" дегенді жиі айтамыз. Олай болса, сол болашағымызға шынайы сенім білдірейік, - дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істер комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров.
Іс-шара аясында "Әлеуметтік желілердегі ең үздік пост-жарияланым", "Діни экстремизмге қарсы әрекет бойынша ең үздік креативті акция", "Еріктілер қозғалысының ең үздік ұйымдастырушысы" номинациялары бойынша жастар антиэкстремистік қозғалысы көшбасшыларының арасында өткен байқау жеңімпаздары марапатталды.
Шараны ұйымдастырып, жастардың жат жолға түсіп кетпеуіне көңіл бөліп отырған министрлікке алғыс айтамын. Осы жобаға қатысу арқылы көп дос таптым, барлығына сәттілік тілеймін, - дейді байқау жеңімпазы Жұмағалиева Лаула.
Бұған дейін Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қалаларында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған екі күндік оқыту семинарлары өтіп, оған 300-ден астам адам қатысқан болатын.
Бұл шараның басты мақсаты – жастардың бойында антикстремистік сананы қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру. Қазақстан жастарының радикалды және деструктивті діни ағымдарға қайта оралуына жол бермеу, - дейді ұйымдастырушылар.
Семинарға жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары, орта-арнайы оқу орындарының оқушылары, аймақтық жастар және волонтерлік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ теологтар мен дінтанушылар қатысты.