Димаштың концертіне 10 мыңнан аса шетелдік жанкүйер келді

12 Қыркүйек 2024, 17:51
832
Бөлісу:
Димаштың концертіне 10 мыңнан аса шетелдік жанкүйер келді
Фото: Ұлттық музей

Ұлттық музейде “Дүние дидарындағы Димаш” атты көрменің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салтанатты рәсімде Димаштың анасы Светлана Айтбаева көрменің әншінің жанкүйерлеріне арнап ашылғанын айтты.

Ең алдымен Димаштың барлық жанкүйерлеріне алғыс айтамын. Бұйырса, қыркүйек айының 13-14-і күндері үлкен концерті жоспарланған. Димаштың 150-ден аса мемлекетте фан-топтары бар. Сол концертіне 10 мыңнан аса жанкүйер келді деген статистиканы алдық. Сол кісілерге өздерінің берген сыйлықтарының қаншалықты маңызды, біз үшін аса қадірлі екенін көрсеткіміз келді, – деді ол.

Көрме Димаштың өміріндегі елеулі оқиғалар туралы хабар береді. Сондай-ақ онда танымал тұлғалар мен көптеген жанкүйерлердің әншіге берген сыйлықтары қойылған.

Өсіп келе жатқан ұрпақ үшін тәрбиелік мәні бар көрме деп, мектеп оқушылары үшін өте қызық болады деп ойлаймыз. Себебі көрме талмай еңбектенсе, білім алса, оқыса, талпынса, үлкен-үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатынының көрінісі деп санаймыз, – деді Светлана Айтбаева.

Көрме мазмұны жағынан бір-бірімен байланысты келесі бөлімдерден тұрады:

1. “Шабыт көздері” – әртістің өмірбаяны, өскен ортасы, балалық шағы мен шығармашылық жолын көрсететін заттар (фотосуреттер, жеке заттары);

2. “Даңққа апарар жол” – кәсіби білім жолында алған дипломдары, республикалық, халықаралық байқауларда иеленген марапаттары және т.б.;

3. “Жанкүйерлер махаббаты” – әртістің жанкүйерлері тарту еткен сыйлықтар;

4. “Ұлт мәдениетінің жаршысы” – әлемдік аренада ұлттық мәдениет пен брендтің танылуына ықпал ететін Димаштың заттары (ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық костюмдері, баспа материалдары және т.б.).

Айта кетейік, көрме 6 қазанға дейін жалғасады. Көрмені көру құны жалпы музейді көруге арналған 700 теңгелік билеттің ішіне кіреді.

Өзгелердің жаңалығы