ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева бейбіт күннің батырлары – құтқарушыларға алғыс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Светлана Айтбаеваның айтуынша, құтқарушылар Атырау облысында аязда жолға шығып кеткен үш музыкантты күн-түн демей іздеп тапқан.
Ол оқиғаның қалай болғанын Instagram-дағы парақшасында жазды.
Қаңтардың 10-ы күні таңертең Атыраудан ауылда тұратын ата-анасына кеткен Ринатты таба алмай қалдық. Мына аязда машинамен шығып кеткен 3 жігіттің далада қалғаны анық болды. Үйіне де жетпеген, телефондары өшкен. Ринат - жақсы музыкант, аранжировщик, қасындағы жігіттер де өнерлі жандар, той-жиынның сәні болып жүрген жастар, - дейді Светлана Айтбаев.
Осылайша дабыл қағылып, іздестіру-құтқару жұмыстары басталып кеткен.
Біз көп жағдайда жылы үйімізде отырып, далада қалғандар мен оларды құтқару жолында еңбек етіп жүрген, талайларды тілсіз жаудан арашалап қалған бейбіт күннің батырларын ескермей қаламыз. Екі тәулікке жуық күн-түн демей еңбек еткен Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің арқасында жігіттеріміз таңғы 4:20-да Қызылқоға ауданының «Ораз мола» орнынан (Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінен 120 км қашықтықта) аман-есен табылды, - деп жазды ол.
Айтбаева төтенше жағдайлар министрлігінің жіті назарында болған құтқару жұмыстары жаяу, автокөлікпен және ТЖМ авиациясымен аэровизуалды іздеу тәсілдерімен жүргізілгенін айтты. Сөзінше, ол үшін ТЖД құтқарушылары мен «Қазавиақұтқару» АҚ экипажы тартылған.
Адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстары түнде де тоқтамай, құтқарушылардан, полиция қызметкерлерінен, еріктілерден және туыстарынан құралған 45 адам, 11 техника облыстың елді мекендерін, қыстақтарын және автожолдарын қарап шыққан. Қандай еңбек десеңізші! Бұл бір ғана мысал. Ал біз білмейтін қанша жағдай болып жатыр! Соның бәрінде жүрген бейбіт күннің батырларына мың алғыс дейміз! – деп алғысын айтты Светлана Айтбаев.
Олар Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы азаматтық қорғау аға лейтенанты Клауов Ернұр Болатұлына, аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау сержанты Базарбай Ерқанат Базарбайұлына, №2 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Мұқанғалиев Мейрамбек Сайлауұлына, №10 өрт сөндіру бөлімінің бастығының міндетін уақытша атқарушысы азаматтық қорғау аға лейтенанты Хуресов Райымбек Эдуардұлына, өрт сөндірушілер азаматтық қорғау кіші сержанттар Қанат Наурызбек Қанатұлына, Әбілмажан Батырлан Нұржанұлына рақметтерін айтты.