2017 жылдың қаңтар айының соңында жұмыста қыздардың бәрі Димаш, Витас, «Опера 2» деп жүрді. Алғашында Димаштың атын ғана білетінмін. Олай ән айтатынын, дауысын білмеппін. Сол кезде ағылшынша енді оқып бастаған кезім. Сөйтіп қытайлық жанкүйерлермен сөйлесіп жүргенде олар қазақша үйренеміз деп YouTube-тан арна бастап кеттім. Weibo аккаунт ашып, қазақша үйретіп айналысқаным бар. Қазір уақыттың тапшылығына байланысты айналысуға мүмкіндік болмай жатыр.
Димаш арқылы көп адаммен таныстым. Жанкүйер болғаннан кейін өмірім өзгерді. Шын, бұрын басқаша болатынмын. Қазір уақытымды бос жібергім келмейді. Алдыма мақсат қойып, қол жетпеген нәрселеріме қол жеткізе бастадым. Мысалы, екі рет шетелге барып қайттым. Былтыр жаңа зеландиялық жанкүйері Анита Рай Уорд 15 мың шақырым жерден Қазақстанға келді. Әжемді күтіп алдым. Ақтөбеге барғанда «Бақытты бала» байқауы болып жатты. Димаш та болды. Апаны Димаштың өзі залға кіргізді. Концерттің соңына таман апаның аяғы ауырған кезде досы көмектесіп, VIP залға бардық. Артынан Димашқа апам сыйлықтарын берді. Димаштың үйіне де бардық. Рай Уорд өмірлік мұғаліміме айналды. Ол кісі өмірімді жақсы жағынан өзгертуге, адам ретінде алға мақсат қоюға, сенімді адам болуға көмектесті. Мен тұйықтау болатынмын. Көп адаммен араласа бермейтінмін. Қазір қаншама жанкүйерлерді туысымызды көргендей бір-бірімізді құшақ жая қарсы аламыз.
Dears отбасы болғаннан кейін үнемі бір-бірімізге көмектесеміз. Ол кісілер Қазақстанға келетін болса күтіп алайық, Димаш дәріптеп жүрген салт-дәстүрді, қалаларымызды көрсетейік деп барымызды саламыз. Біз олардың елдеріне баруымыз керек болса олар да барын салады. Арада сондай өте тығыз қарым-қатынас бар. Басқа фан-клубтарда мұндай бар ма, білмеймін. Адамдар бір-бірін көрмесе де алыста отырып жақын араласады. Димаштың бойында адамдарды жақындастыратын сондай ерекше қасиет бар.
Димаштың фан-клубтары көп. Маған Димаштың Германиядағы жанкүйері Аня апай Facebook-тан достық жіберді. Қабылдадым. Арасында жазып қояды. Бір күні «домбыра салып жібересің бе» деп жазды. «Жарайды, поштамен салып жіберейін» дедім. Ол кісі кішкене уайымдайтын адам болған соң домбыраны Германияға өзім жеткізуімді өтінді. Сөйтіп Димаштың қолтаңбасын алып домбыраны апардым. Қазақша көйлек киіп, салтымыз бойынша құр алақан бармаймыз ғой, ағама шапан жауып, апама камзол кигізіп, қызына қазақша оюланған сырға әшекей сыйладым. Германияда қызының мектебі бар, сол жерде маған домбыра шертуге мүмкіндік жасады. Ол кісінің музыкалық мектебінде қазақша көйлек киіп, қолымнан келгенше күй шертіп бердім. Солай таныс болып кеттік.
Концертке арнайы келген германиялық жанкүйерлер Юта апай мен Аня апай астанадан бөлек Ақтөбе және Алматы қалаларын да аралайтын болады. Он екі күннің ішінде барымызды көрсетуге тырысамын. Ол кісілер бізді де Германияға шақырып, өздерінің қонақжайлылығын көрсетті. Осы жолы біздің кезегіміз.
Осы концертке шетелден қаншама қонақ келді. Бұл – туризм. Олар астанаға келіп қана қоймайды, міндетті түрде Димаштың туған жері Ақтөбеге барады. Ақтөбеде «Керуен сити» орталығына, Света апайдың (Димаштың анасы - авт.) арнайы оюлап киім тігетін дүкеніне баруды жоспарлап отырмыз. Димаш оқыған мектепке барамыз деген ой бар, бірақ ол жерге хабарласа алмай жатырмыз. Димаш сол жерде өсті ғой, апайлар қатты барғысы келіп жатыр. Бізден Ақтөбеде не істейсіңдер деп сұрайды. Бірақ олар барлығы Димаштың қаласын көргісі келеді. Ал Алматыда ең бірінші Үлкен Алматы көліне, Медеуге, Шымбұлақ пен Көкбазарға барамыз. Олар базарды қатты жақсы көреді, себебі оларда мұндай ерекше базар жоқ.
Димаш ең бірінші өте талантты әнші ретінде қатты ұнайды. Екіншіден, адамгершілігі, өзін ұстауы, арманы мен мақсаты ұнайды. Оның мақсаты – Қазақстанды әлемге таныту, өзінің әні арқылы өмірде бейбітшілік орнату, адамдарды бір-біріне жақындастыру, адамдардың ортасында сүйіспеншілік тудыру. Сонысымен қатты ұнайды. Қазіргі жасап жатқанына қанша рахмет айтсақ та, ешқашан артық болмайды. Себебі шетелдік жанкүйерлермен сөйлескенде олар «Қазақстан туралы, қай жерде екенін білмек түгілі, тіпті атын да естімегенмін», дейді. Қаншама жанкүйер Димаш арқылы елімізді біліп жатыр.
Бір жанкүйерге медбике жазыпты. Медбике үш рет инфаркт алған 96 жастағы кісіге қарайды. Науқас дәрісіз ұйықтай алмайды. Депрессия. Былтыр күйеуі қайтыс болыпты. Ол кісінің көңілін сұрайтын ешкім жоқ. Сонымен үнемі жылап, ұйықтай алмайды екен. Бір күні медбикеден «көңілің түскенде, депрессияда болғанда не істейсің?» деп сұрағанда ол Димашты тыңдайтынын айтыпты. Сөйтіп пациентке «Аққуым» әнін тыңдатқан кезде бес минуттан кейін ешқандай дәрінің көмегінсіз ұйытқап қалған екен. Басқа науқастарға да тыңдатады. Олар да өздерін жақсы сезінеді. Димаштың өлеңдері депрессиядағы адамдарға көмектеседі. Қазір әндерін тыңдасам жәй музыка сияқты. Дауысына мән беремін. Ал шаршап, күйзеліс болғанда оның әндері көмектеседі. Бір үміт, күш береді. Кейбірі сенбей жатады. Адам ол адам, өйткені ол кісінің халін, сезімін түсіне алмайды. Сондықтан ол қалай көмектесетінін білмейді. Басынан өткергеннен кейін ғана түсінеді. Аня апайға да көмектесті. Германияда видео жасадым. Оны көрген адамдар Аня апайға жылап отырып «сен қандай батылсың, Жаннұр келгеніңе көп рахмет. Аняның қолдағаныңа рахмет» деп жазған еді.
Димашқа тек қана жақсылық тілейміз. Ең бірінші арманының орындалғанын, екіншіден денінің саулығын, отбасының амандығын тілеймін. Алдағы уақытта арқасүйер, үнемі күш-қуат беріп отыратын, өзі жақсы көретін жары кездессе деп тілейміз. Барлық жанкүйердің қалауы осы. Димаштың бақытын тілейміз. Димаш бақытты болса, біз бақыттымыз. Ол бізге бақыт бере алады.
P.S Жаннұрға хабарласып, саяхаттары қалай болғанын сұрадық. Ол Ақтөбеде күтпеген жағдай орын алғанын айтып берді.
Ақтөбеге барған сайын үнемі күтпеген жақсы жағдайлар орын алады. Осы жылы жоспарымыз басқашалау болатын. «Керуен» сауда орталығына барып, ертеңіне Света апайдың бутигіне барамыз деген жоспар болған. Бірақ әуежайда «Өнер орталығының» директоры Елубай Мұхамбетұлын көріп қалып, жоспарымыз өзгерді. Ол кісі бізді «Өнер орталығына» қонаққа шақырды. Кешке таяу ол кісіні асқа шақырдық. «Өнер орталығында» Димаштың ұстазы Марат Әйтімовпен сұхбаттастық. Орталыққа бармай тұрып Света апайдың киімдер бутигіне барған едік, бірақ өкінішке орай Ақтөбе қаласында жабылып қалып, Астанада ашылыпты. Ертеңіне бізді «Ақтөбе» газетінің редакторы Бауыржан Бабажанұлы баспаөз үйіне қонаққа шақырды. Апайлармен сұхбаттасты. Баспасөз үйінің директоры Раукен Отыншин бізді күтіп алып баспасөз мәслихатын жасады. Апайларым журналистер қойған сауалдарға жауап берді. Ақтөбе апайларыма қатты ұнады. Димаш оқыған мектепке уақыт тығыз болған соң бара алмадық. Алдағы уақытта ол кісілер келсе бара жатармыз.