Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XXІІ Хатшылығының отырысында Ізгі ниет елшілері институты құрылып, оның елшілері тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанның атынан танымал әнші, мәдениет саласының өкілі Димаш Құдайберген "Ізгі ниет елшісі" атанды.
Хатшылық отырысында қатысушылар бейбітшілікті сақтап, диалог пен өзара құрмет мәдениетін нығайту үшін барлық діни және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдырудың маңызды екеніне тоқталды.
Сондай-ақ мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге арналған Ізгі ниет елшілері мәртебесі бекітіліп, оның ережесі белгіленді. Елші мәртебесіне 5 үміткер ие болады. Бұл мәртебеге қазақстандық әнші Димаш Құдайберген, Вьетнам буддистік сангханың Бас хатшысы, Атқарушы кеңес төрағасының орынбасары Тхить Дык Тхиен, Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның Патриархы ІІІ Теофил, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абделсалам және Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Уэллс лайық деп танылды.
Димаш Құдайберген (1994 жылы 24 мамырда туған) - қазақ әншісі, композитор және мультиаспапшы. «Қазақстанның халық әртісі» жоғары құрметті атағының иегері. 2024 жылдың ақпанында ол Халықаралық көші-қон ұйымының тоғыз ізгі ниетті елшісінің бірі болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласының өкілдері халықтың рухани қалқаны болуға тиіс екенін атап өтті. Бүгінде біздің жастар, соның ішінде Димаш Құдайберген бар әлемді талантымен таң қалдырып жүр. Әр елдің халқы Димаш Құдайбергеннің керемет вокалдық өнеріне тәнті, - деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин.