Димаш Құдайберген: Екі-үш адамның кесірінен әлемде миллиондаған сәби өліп жатыр

20 Желтоқсан 2022, 16:26
1938
Бөлісу:
Димаш Құдайберген: Екі-үш адамның кесірінен әлемде миллиондаған сәби өліп жатыр

Бұл туралы елордада өтіп жатқан І Орталық Азия медиа форумында әнші Димаш Құдайберген мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Танымал әнші Димаш Құдайберген Біріккен Ұлттар Ұйымы резолюциясы бекіткен 21 қыркүйектегі «Халықаралық бейбітшілік күнінің» бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессияда сөз алды. 

Біз ұлтқа, дінге, түрлі мемлекеттерге бөлінеміз, бірақ біз бәрімізге ортақ Жер-Ананың баласы екенімізді ұмытпауымыз тиіс. Бәріміз бір аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Бірде-бір Қасиетті кітап адамзатты жауыздыққа, өлімге, соғысқа шақырмайды. Дінаралық соғыстың қайда туындап жатқаны мен үшін түсініксіз. Неге десеңіз, ешбір Қасиетті кітапта адамды қанауға, өлтіруге үгіттейтін, насихаттайтын тармақ жоқ. Ересектердің қателігі үшін өскелең ұрпағымыз, сәбилеріміз зардап шекпеуі тиіс. Осы себептен дүрдараздыққа жол бермей, әрқашан достаса алуымыз қажет, - деп атап өтті Димаш Құдайберген. 

Сонымен қатар ол әлемнің болашағы - адамзаттың қолында екенін айтып, Жер-Ананың перзенттері ретінде оны бірге қорғауға шақырды. 

Адамзат пен әлемнің ертеңі - бүгінгі біздің қолымызда. Біз бір үйдің, бір мекеннің, бір аспанның перзентіміз. Осы уақытқа дейін түсінгенім: біз ересектер өзімізді сәбилерден ақылды санаймыз. Сәбилерге көп нәрсені үйретіп жатамыз. Оларға білім беріп, өзімізді ақылды санаймыз. Бірақ бір ғана сұраққа жауап берсеңіздер. Екі-үш адамның кесірінен әлемде миллиондаған сәби дүние салып жатыр. Екі-үш сәбидің кесірінен дүниеде миллиондаған ересектер дүние салғанын естімегенбіз. Сонда кім ақылды? - деді белгілі әнші. 

Өзгелердің жаңалығы