Димаш Құдайберген Ақтөбедегі еріктілер штабында болды

9 Сәуір 2024, 22:48
414
Бөлісу:
Димаш Құдайберген Ақтөбедегі еріктілер штабында болды
Фото: видеодан кадр

Белгілі қазақстандық әнші және музыкант Димаш Құдайберген Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан еріктілер штабында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Ақтөбедегі "Анаға тағзым" орталығы су тасқынынан зардап шеккендер тұрып жатқан эвакуация пункттеріне қажет азық-түлік пен тұрмыстық заттарды жинайтын негізгі пунктке айналды. Мұның бәріне мыңдаған ерікті жұмылдырылған.

Кішкентай кезімнен мені қолдап, биік белестерді бағындыруға тілектестік білдірген жерлестеріме келмей тұра алмадым. Жаңалықтан мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын білдім. Ең бастысы, адамдар қалыпты өмірге қайта оралса болды, - деді Димаш Құдайберген.

Еріктілер қозғалысының тиімді жұмыс істеуі үшін облысымызда аймақтық штаб құрылды, онда волонтерлер екі топқа бөлінді. "Автоволонтерлер" тобы зардап шеккендерге көлікпен көмек жеткізсе, екінші топ гуманитарлық көмекті жинау және таратумен айналысады.

Облыста су тасқыны басталғаннан бері тәулік бойы жұмыс істеген 8600 еріктінің арқасында зардап шеккендерге айтарлықтай көмек көрсетілді.

Сондай-ақ Димаш Ақтөбедегі № 40 орта мектептің ішінде ұйымдастырылған эвакуациялық пунктке барды. Онда тұрғындармен кездесті.

Өзгелердің жаңалығы