Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әділхан Ержановтың «Түн құдайы» фильмі қазақстандық шектеулі прокатқа шықты, деп хабарлады «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі.
«Бұл кинотуындыны Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз және Қарағанды қалаларының кинотеатрларынан көруге болады. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген», - делінген хабарламада.
Драма/фэнтези жанрында түсірілген «Түн құдайы» кинотуындысында қаңырап қалған қалада тентіреп жүрген, шаршаған, суықта тоңып қалған әлдебір Түн құдайы жайлы көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетейік, «Түн құдайы» фильмінің әлемдік тұсаукесері 2018 жылы ХХХХ Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында өткен болатын. Сонымен қатар, картина алдыңғы жылы Париждегі L’Etrange Film Festival және Индонезиядағы NETPAC Asian Film Festival кинофестивальдеріне қатысқан. Ал 2019 жылы Үндістанның Bengaluru International Film Festival фестиваліне қатысқан.