Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу барысында әділет министрі Марат Бекетаев алимент төлеушілерге арналған көмек қорын құруды ұсынды.
«Бұл көп проблемаларды анықтай алатын және осы мәселелерді кәсіби түрде шешетін механизм. Қордың тұжырымдамасы шет елдердің тәжірибесіне негізделген. Біз бұл тәжірибені мұқият зерттедік. Мысалы, Финляндияда өмірдің қиын кезеңіне тап болған (ауырып қалған немесе жұмыстан шығып қалған) алимент төлеушілерге көмектесетін қор бар. Борышкерлер қордан ақша алып, берешегін өтеп, жағдайы жақсарғаннан кейін қайтадан қорды толтыруға міндеттелген. Өйткені, банктен несие немесе ақша алу үнемі мүмкін емес. Қор алимент төлеу үшін арнайы жұмыс істейді. Ал басқа мақсаттар үшін ол қордан ақша алуға болмайды.Б іздің елде дәл сондай қор құру үшін жалпы қанша сомадағы алимент төленіп жатқанын, қандай санаттағы азаматтар қордан көмек ала алатынын бәрін зерттеу керек. Қорды бірден құра салуға болмайды», - дейді Бекетаев.
Ол мұндай қорды құру үшін алдымен оның басқа әлеуметтік жеңілдіктерге қандай қатысы бар екенін зерттеп, түсіну керек екенін айтты. Көп ұзамай министрліктің бастамасымен сот орындаушыларының мәртебесі туралы заң жобасын талқылау кезінде осындай қор құру мәселесі де көтерілетін болады.
«Парламенттегі талқылау барысында біз бұл мәселені одан әрі зерттейтін боламыз. Жалпы, алдағы 3-5 жылдан кейін осындай қорды құруға идея бар. Қазір уақыт параметрлеріне байланысты болжау қиын. Өйткені, бәрі де экономикаға байланысты», - дейді министр.