Әділ шешім қабылданады деп сенемін - Біртанов алматылық дәрігерлер ісі жайлы айтты

27 Қыркүйек 2019, 18:51
1774
Бөлісу:
Әділ шешім қабылданады деп сенемін - Біртанов алматылық дәрігерлер ісі жайлы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алматылық дәрігерлер ісіне қатысты пікірін айтты.

«Алматы қаласындағы жағдай бойынша айтсам, қазіргі күні құқық қорғау органдары бүкіл қажетті шараларды жалғастыруда. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы бізге - денсаулық сақтау министрлігіне, президент әкімшілігіне нақты тапсырма берді. Біз бұл жағдайды бақылауда ұстаймыз. Біздің осы мәселе бойынша позициямыз – нақты. Ол - тек заң аясында бүкіл қажетті сараптамаларды, зерттеу жұмыстарын өткізу қажеттігі. Біз сол зерттеудің негізінде ғана науқастың көз жұмуы дәрігерлердің жұмыстарына байланысты ма, байланысты емес пе білеміз. Тек содан кейін түсінікті болады. Мен әрі қарай заң негізінде ғана әділ шешім қабылданады деп сенемін», - деді Елжан Біртанов Үкімет үйінде өткен брифинг барысында.

Министрдің айтуынша, бұл жағдайды тек заң тұрғысынан қарастыру қажет. Кәсіби міндеттерін дұрыс атқармады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс. 

«Біз және басқа мемлекеттік органдар бұл жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Толық сараптама жасалып, себебі анықталуы тиіс. Қателіктер болды ма, өз кәсіби міндеттерін дұрыс орындамады ма - егер солай болса, біз бұны да жоққа шығармаймыз, ол адам өліміне әсер етті ме? Қазір құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бас прокуратура да бұл жағдайды бақылауда ұстап отыр деп ойлаймын. Сондықтан мен түрлі өсек-аяңға түсініктеме бере алмаймын. Сараптама болады, сараптама қорытындысы шығады, құқық қорғау органдары осының негізінде тиісті ақпарат береді деп ойлаймын», - деді Біртанов.

Министр медицина қызметкерлерінің бұлтартпау шарасына қатысты наразылығы бар, мен де олармен келісемін деді. 

«Мен бас бостандығынан айыру түріндегі ең қатал шараны қолданудың қажеттілігі жоқ деп есептеймін. Дәрігерлер жұмысын жалғастыра беруі тиіс. Себебі олар – кәсіби білікті мамандар. Біз Мемлекет басшысының бұл жағдайға назар аударғанына қуаныштымыз. Еш эмоциясыз, заңнамаға, қылмыстық кодекс процедураларына сәйкес тергеу жүргізу керек. Егер кінәсі дәлелденсе, сот шешім қабылдайды деп ойлаймын», - деп түйіндеді ведомство басшысы. 

Еске салсақ, Алматыда № 4 қалалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев қамауға алынды. Ол Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы – Нұрсұлтан Күдебаевтың қазасынан кейін тергеуге алынған еді. Сондай-ақ, осы іс бойынша аурухананың анестезиолог маманы Асқар Тұңғышбаев қамалды. Кейіннен дәрігерлер ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылды. 

Қанат Тезекбаевтың әріптестері оған қолдау білдіріп, ал жұбайы Дина Тезекбаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан істі жеке бақылауына  алуды өтінген болатын.
Өзгелердің жаңалығы