Диетолог қазақ әйелдерінің арықтау барысындағы қателіктерін атады

12 Тамыз 2022, 14:55
3850
Бөлісу:
Диетолог қазақ әйелдерінің арықтау барысындағы қателіктерін атады

Диетолог Меруерт Қазбекқызы арықтау барысында қазақ әйелдерінің жиі жіберетін қателіктерін айтып берді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Дұрыс тамақтану маманы қыз-келіншектермен 3 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында ол 6000-ға жуық әйел адамға авторлық марафоны арқылы арықтауға көмектескен. 

Диетолог маман марафонға қатысушылар арасында арықтауға қатысты қателер көп кездесетінін айтады.

Арықтау үшін ауызды тыюым керек деп тамақтан өздерін мүлдем шектеп тастайтындар бар. Оның түбі әртүрлі гормоналды ауруларға, психологиялық ауытқуларға, өзін басқара алмайтын хайуани тәбетке әкеледі. Нәтижесінде артық салмақ кетпек түгілі, бұрынғыдан да өседі.  Тағы бір қателік – артық салмағы бар адамдардың арықтау үшін спортпен өте белсенді түрде айналысуы. Мысалы, көп жүгіруі. Бұл да негізі үлкен қателік. Нәтижесінде тізе, буын қажалуы пайда болады, ал артық салмақ кетпейді. Өйткені артық салмақ тамақтануды жөндеу арқылы кетеді, ал спорт тек қосымша құрал ретінде жақсы, - дейді ол.

Ол тәжірибесінде денсаулығына қауіп төндіретін арықтау түрлерін таңдайтындар да жиі кездесетінімен бөлісті.  

Әртүрлі препараттар, шай-кофелерге жүгініп, аяғында салмақ жолда қалып, өздері ауруға шалдығып жататындар да бар. Ол арықтататын заттардың бағасы да удай қымбат. Оны кейбірі несиеге сатып алады. Сондай-ақ айранға корица қосып ішсем арықтаймын ба деп сұрақ қоятындар көп. Соған қарағанда адамдар оңай жолды іздейді. Ішкі түйсігі біліп тұрса да, ғажайыпқа сенгісі келеді, - дейді ол. 

Сондай-ақ Меруерт Қазбекқызы арықтағысы келетіндердің дені май жемеу керек деген қате қағиданы ұстанатынын жеткізді. 

Тағы бір миға сыймайтын, бізде өте жиі кездесетін қателік ол – арықтау үшін май жемеу керек деп ойлау. Май жесе, ол барып ішке, денеге жабысады деп елестететін болуы керек. Бірақ ақиқат оған қарама-қайшы десем болады. Май ағзаға тамақпен бірге түспесе, гормондар сыр бере бастайды, тері құрғайды, өкпе ауруы пайда болады. Тәжірибемде дәл осы қателікті жасап, майдан бас тартып, өкпе дертіне шалдығып, ем қонбай, қиналып жүрген адам да болды. Май керісінше арықтауға көмектеседі, сондықтан марафон мәзірінде майды дәріптеймін, - дейді маман.

Диетолог арықтау диетамен, дәрі ішумен емес, психологиялық ерекшеліктерді ескеру арқылы санаға өзгеріс жасаумен келеді деп қорытындылады.    

Өзгелердің жаңалығы