Соғысқа дейін Жамбыл өңіріне қандай ұлттар жер аударылды?

23 Сәуір 2020, 09:20
4907
Бөлісу:
Соғысқа дейін Жамбыл өңіріне қандай ұлттар жер аударылды?

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жамбыл облысы аумағына жер аударылып, эвакуацияланған корей, қытай, кавказ, ингуш, фин, неміс, поляк және тағы басқа ұлттардың қауіпсіз аймаққа көшіріліп, оларды колхоз, совхоздарға жұмысқа орналастыру, балаларына арналған мектептер ашу, жетімдерді балалар үйі мен мектеп-интернаттарға орналастыру туралы архивтік құжаттар көп сақталған.

Жиырма бір жылда 3,2 млн адам депортацияланды

Бұл туралы Тараз қаласы мемлекеттік архивінің директоры Нұрхат Серікбаев айтып берді. Оның сөзінше, қорда Кеңес өкіметінің көші-қон саясатымен депортацияланған ұлттарды азық-түлікпен және керекті тұрмыстық-шаруашылық заттарымен толықтай қамтамасыз ету, оларға өндірістік, егіншілік жұмыстармен айналысуға қолайлы жағдай жасау және басқа да жүргізілген жұмыстар жайында деректертер жетерлік.

Тарихтан білеміз, Кеңес одағының аумағында тұрған халықтардың қай-қайсы да сталиндік зорлық-зомбылықтан, саяси қуғын-сүргіннен шеткері қалған жоқ. Тоталитарлық-социалистік кезеңде жекелеген партиялар мен кеңес қызметшілері ғана емес, мұқым бір ұлттарға сенімсіздік таңылып, тарихи атамекендерінен аластатылды. Архивтегі құжаттарға көз салсақ, қызыл империяның түкпір-түкпірінен Жамбыл жеріне жер аударылған ұлттардың өмірі мен тағдырын әр қырынан көруге болады, - деді ол.

Нұрхат Тірібосынұлының айтуына қарағанда, тарихи деректерде КСРО-да депортацияға түскендердің саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 млн адамға жеткен деп көрсетіледі. Сол уақытта ең жиі орын алған жаппай депортациялық көші-қондарды "арнайы көшірілгендер", яғни "спецпереселенцы" деп атаған.

Рас, олардың азаматтық құқықтары толықтай сақталды, қоныс тепкен әкімшілік аудандарының аумағында жүріп-тұруларына рұксат берілді. Алайда, сол қоныстанған аумақтан тысқары шығуға тыйым салынды. Ал тұрмыстық-шаруашылық проблемаларын шешу жергілікті басшыларға жүктелді, - деген архив басшысы Кеңес одағының күшпен қоныстандыру саясатының көп зерттелмеген қырлары жеткілікті екенін де мәлімдеді. 

Мәселен, сол кезеңде жасалған құжаттардан – шешімдер, нұсқаулықтар, есептер, анықтамалар мен хаттардан көптеген мәліметтерді аңғаруға болады.

Ең алғаш қиыршығыстық кәрістер қуғын көрді

Н.Серікбаевтың айтуынша, екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жылдары тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылардың бірі болып қиыршығыстық кәрістер ілінген. Оларды алғаш көшіру жұмыстары 1937-1938 жылдардан басталыпты. Дәл осылай жер аударуға иран ұлты да ілігіп, 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысына көшірілген. Күрдтердің де Әулиеата топырағына қоныс аударылуы екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жылдардан бастау алады. Кейбірі 1937 жылдан бастап Жамбыл облысына қоныстандырылады.

Бастапқыда олардың кейбірінің немесе көпшілігінің өздерінің атажұртын сатып кеткендігі айтылды. Артынша ол халықтарды түгелдей дерлік шығыс аймақтарға көшіру туралы шешім қабылданды. Дәл осы іспетті сылтаумен қарашай, қалмақ, шешен, ингуш, балқар және басқа да Солтүстік Кавказ, Грузия, Қырым халықтары қоныс аударылып, ұлттық автономиялар ыдырады. Басқаша айтқанда, олардан ұлттық мемлекеттілігін тартып алды. Онымен қоймай, қоныс аудару кезінде жол бойында және арнайы лагерьлер мен тұрақжайларда бұл халықтардың жартысына жуығы қаза тапты, - деп атап өтті мұрағатшы.

Тарихи сенімді дерекккөздерге сенсек, оларды бір сәтте туған жерінен айырып, жүк вагондарымен Қазақстанға әкеліп орналастырды. Мәселен, 1943 жылы қарашайларды көшіру туралы қаулы қабылданып, олар Жамбыл және Түркістан облыстарына жер аударылды. Бірқатар отбасылары Қырғыз, Өзбекстан елдеріне жөнелтіліпті. Депортацияның қасіретті жорығы балқар халқын да айналып өтпеген.

Нұрғат Тірібосынұлы жер аударылған ұлт өкілдері 1950 жылдардың соңына дейін арнайы қоныстардағы НКВД органдарына айына екі рет белгіленіп тұруға міндетті болғанын жеткізді. Жалпы, қызыл империяның тоталитарлық режімі 1920-1940 жылдар аралығында көптеген халықтарды депортацияға ұшыратты. Оларға жалған айыптар тағылып, атамекендерінен күшпен жер аударылды.

Жер аударылғандар өткен ғасырдың орта тұсында ғана ақтала бастады

Мұндай мәліметтерді әр жердегі зерттеушілер әр түрлі сандық көрсеткіштермен көрсетеді. Себебі, сол кезеңдегі МВД, НКВД мекемелеріндегі құжаттар әлі толық зерттелмегендіктен жер аударылған ұлттардың нақты санын айту мүмкін емес.

Жер аударылған ұлтар өкілдерінің тұрмыстық ахуалы төмен болды, оларда азық-түлік, тұрғын үй, киім-кешек жағы тапшы еді. Күн райының суықтығынан, аштықтан, түрлі жұқпалы індеттерден келген залалдан адам шығыны да көп еді. Бертін келе, 1956 жылы ғана депортацияға ұшырағандарды ақтап алу жұмыстары басталып, қоныс аударылған халықтар өміріне оң өзгерістер ене бастады. 1955-1956 жылдары арнайы заң қабылданып, олардың құқықтық шектеулері алынды. Жамбыл жеріндегі өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына қайта бастады, - деп атап өтті ол.

Сарғайған құжаттар талайғы жылдардан сыр тартады

Ведомство басшысы депортацияға қатысты архив қорындағы құжаттардың кейбірінің мазмұнына да тоқталды. Бір құжатта: 

"Жамбыл облыстық комитет хатшысы Ткаченко жолдасқа жолданған анықтамада қабылданғандардың барлық саны 21 810 адамды құрайды. Олар шешен, болгар, біршамасы ингуштар, оның ішінде 5 493 ер адам бар, әйелдер саны – 6 170, ал 16 жасқа дейінгі балалардың саны 10 147 болды. Жер аударылып келгендердің арасында 24 отбасы шешен-ингуш АССР-да бұрынғы басшылықта болғандары да бар. 70-ке жуық ата-анасы жоқ балалар келген, бірақ оларға қарап қамқор болатын қастарында үлкен кісілері бар" делінген.

Обл комитет хатшысы Ткаченко жолдасқа жазылған баяндама.jpg

Келесі құжат – Жамбыл облысы комитетінің хатшысы Ткаченкоға, Жамбыл облыстық кеңестің атқару комитетінің төрағасы Джансакаловқа, Жамбыл облыстық УНКВД басшысы, аға лейтенант Смирнов жолдасқа жіберілген No815. Х. 1941 жылғы хатта былай жазылған:

 "Свердлов ауданына (қазіргі Байзақ ауданы) жер аударылған фин ұлтының азаматтарын орналастыру бойынша төмендегіні хабарлаймын: Келген эшалонды жылдам түсіріп алып, белгіленген жерге жеткізу үшін барлық жер аударылғандар үш теміржол станциясынан күтіп алынады. Жамбыл станциясынан – 1 075 адам, Үшбұлақ станциясынан – 1 465 адам, Ақшолақ станциясынан – 960 адам. 5 қыркүйек күні аудандық кеңестің атқару комитетінде дайындық түсіндіру жиналысы болды, оған барлық ауылдық кеңес төрағалары қатысты".

Өзгелердің жаңалығы