Детектив — жаңа дәуір жанры

10 Қараша 2023, 10:49
348
Бөлісу:
Детектив — жаңа дәуір жанры

Бүгінгі таңда қазақ детективі десе көзіқарақты оқырман бірден «ЗАҢ» Медиа-корпарациясы» ұйымдастыратын Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив байқауын атайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл негізсіз емес. 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін шара биыл алтыншы рет ұйымдастырылды.

Марапаттау рәсімі 8 қарашада Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өтті. Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойымен тұспатұс келген байқауға Жетісу облысының әкімдігі демеуші болды. «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС-нің директоры Досымбек Өтеғалиев: «Осы доданың арқасында талай қаламы қарымды жазушы, журналистер, заңгер, құқық қорғаушылар детектив жанрында шығарма жазып, байқаудың тартысты өтуіне үлес қосты.

Бұл шығармашылық сайыс сонымен бірге жас қаламгерлердің жаңа қырынан танылуына мүмкіндік туғызды. Мұның бәрі әдебиеттің кенжелеп қалған жанрының түрленуіне, жандануына ықпалын тигізді. Байқау жүлдегерлерінің үздік шығармалары топтастырылған «Шытырман» жинағы корпорацияның 2018 жылдан бергі еңбегінің жемісі, детектив жанрының дамуына қосылған қомақты үлес десек қателеспейміз. Былтырғы байқауға 106 автор өз шығармаларын жолдады. Биыл олардың саны 70-ке жуықтады. Оның себебі қазақ детективінің атасы саналатын Кемел Тоқавтың 100 жылдығына орай биыл Республика бойынша жаңадан бірнеше байқау ұйымдастырылды. Сондықтан қатысушыларымыз арасында шығармаларын соларға жолдап қойып, артынан өкініш білдіргендер аз болған жоқ. Олардың кейбіреуінде «Заң газетінің» бас редакторы Айнұр Сембаева қазылар алқасы құрамында болғандықтан, өз талабымызға сәйкес кейбір қайталанған шығармаларды да үміткерлер қатарынан алып тастадық, – деді. Оның айтуынша, бұл жолы 70-ке жуық автордың сұрыпталып алынған 13 шығармасы қазылар алқасының бағалауына жіберілді. Қазылар құрамында «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов, «Заң газетінің» бас редакторы Айнұр Сембаева, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат, Ішкі істер органының Құрметті қызметкері, отставкадағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов болды. Олардан жоғары баға алғандар марапаттау шарасына шақырылып, сый-құрметке бөленді. Осы арада айта кететін бір жағдай қазылар алқасы байқаудың соңғы сәтіне дейін өзге әріптестерінің кім екенін білмеді.

Сонымен Кемел Тоқаев атындағы VI республикалық детектив байқауының бас жүлдесін (1,5 млн теңге) Жетісу облысынан Серік Әбікенұлы («Моладағы манеж») алды. Алматы облысынан Қанат Әбілқайыр («Қара мысық») бірінші (1 млн теңге), Қызылорда облысынан Тұрақ Адисұлы («Бандыны қуған Хамит»), Алматы қаласынан Адина Жүсіп («Жылайтын үй») екінші (750 мың теңгеден) орынды иеленді. Үшінші орынға лайық деп танылған Ырысбек Дәбей («Ойыншы»), Сайлау Төлеуов («Шайтанның торы»), Аршын Нұрбақыт («Үкілі кер») үздік шығармалары үшін 500 мың теңгеден алды. Ал Ғабдул-Сәбит Юсупов («Үкім бүгін оқылады»), Боранбай Ғалиев («Қылмыскер құтылмады»), Нұршат Өтеулиева («Өкініш»), Талант Досбол («Қиыс жол») Жетісу облыстық сотының ынталандыру сыйлығын иеленді. Сондай-ақ, Қайым-Мұнар Тәбей («Тамшылар күнәні жумайды») Жетісу облыстық прокуратурасының, Леонид Степанов («Риэлторы») Жетісу облыстық полиция департаментінің ынталандыру сыйлығын иеленді. Байқауға қолдау көрсетіп, жүлдегерлерге ынталандыру сыйлығын тағайындаған Жетісу облыстық сотының төрағасы Ержан Кененбаевқа, Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевқа ұжым атынан алғыс айтамыз! Байқау шежіресіне көз жүгіртер болсақ, үздіктер көшін 2018 жылы Әлібек Байбол бастап, «Миллион» деген шығармасымен бірінші орын алған еді. «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының» 20 және Алматы қалалық сотының 50 жылдығымен сәйкес келген байқаудың қолдаушысы Алматы қалалық соты болды. 2019 жылы бірінші орын Аяла Зейінқызы («Тек пен шек»), 2020 жылы Нұрбол Әлдібаев («Құдықтағы мәйіт»), 2021 жылы Нұрлыбек Саматұлы («Жапыраққа жұққан қан»), 2022 жылы Асхат Өмірбаев («Қылмыскердің күлкісі») иеленген еді.

Қазақ әдебиетінің кенжелеп қалған осы бір жанрын дамытуды ешкім бізге міндеттеп отырған жоқ. Әділдіктің туын көтеріп, заң үстемдік құратын қоғамды құруға атсалысуды өзіне мақсат еткен басылым болғандықтан, біз корпорацияның 20 жылдығы қарсаңында, дәлірек айтқанда 2017 жылы Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив байқауын өткізетінімізді жариялаған едік. Біздің бастамамызға 2018–2019 жылдары Алматы қалалық соты, 2020 жылы жеке кәсіпкер, меценат Бағдат Мәнізоров, 2021 жылы Түркістан облыстық соты, 2022 жыл Қызылорда облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Сол себепті алғашқы үш байқаудың марапаттау рәсімі Алматыда, төртіншісі Түркістанда, бесіншісі Қызылордада, алтыншысы Талдықорғанда өтті, – дейді қазылар алқасының мүшесі, «Заң газетінің» бас редакторы А.Сембаева. 

Жасыратыны жоқ, «детектив жанрында жазатын қандай жазушыны білесің?» десе қазір кез келген адам күмілжіп қалады. Себебі прозаның бұл бағытымен кәсіби түрде айналысып жүрген жазушыны еш жерден шам алып іздесеңіз де, табу мүмкін емес. Бұл мәселе бойынша әдебиетке жауапты құзырлы министрлікте ғана емес, Қазақстан Жазушылар одағында да мүдделі тараптардың басын қосып арнайы жиын өтті дегенді ешкім, ешқашан естіген емес. Қоғамда әлі де қазақ детективін дамыту керек деген пікір әр жерден оқта-текте ғана айтылып, жазылып жүргенімен, оған ден қойып жатқандар некен-саяқ. Оны қазақ детективінің атасы саналатын Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойынан да көруге болады. Бұл оқиғаға науқандық шара ретінде қараушылар биыл аз болмады. Кейбір ұйымдар мен мекемелер оған еш дайындығы болмаса да аяқ астынан детектив байқауын ұйымдастырып жатқанын көзбен көріп, құлақпен естіген адамдар оны әр жерде ашық сынай бастады. Өкінішке қарай, бұл жолы да сыннан нәтиже шығарған ешкім табылмай тұр. Жанрлық түр ретінде ХІХ ғасырда ғана пайда болған детективтің даму тарихына көз жүгірткен адам оның алғашқы кезде қылмысқа қарсы күресте заң күші әлсіз болып тұрған Еуропа мен АҚШ-та өсіп-өркендегенін байқайды. Бүгінгі таңда әлемде мазмұн мен пішін жағынан да қарыштап дамып кеткен бұл жанрдың болашағы заң үстемдігін нығайтып, әділетті Қазақстан құрып жатқан біздің қоғамда енді сұранысқа ие болып, дамудың жаңа кезеңі басталатын уақыт жетті деп ойлаймыз. Қазақ детективінің қаламгерлер мен әдебиеттанушылар тарапынан елеусіз қалуы ұлт жанашырларын еш уақытта бейжай қалдырған емес. Оны бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жарық көріп жатқан «Қазақ детективі бар ма, жоқ па?» (Әдебиет порталы), «Қазақ детективін қашан оқимыз?» (Амангелді Кеңшілікұлы), «Қазақ детективі қашан жанданады?» (Төреғали Тәшенов) сынды жазбалардан байқауға болады. Жалпы алғанда, бұл жанрда жазатын қаламгерлер аға, орта, жас буын арасында аз да болса бар, қай заманда да болған және бола да береді. Кемел Тоқаев шығармалары мен ізбасарлары, оларды насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін жандар барда қазақ детективінің өлмесі анық. Қазіргі таңда детектив жанры әдеби қауым, оның ішінде тиісті мекемелер мен баспагерлердің қолдауына, ғылыми тұрғыда зерттелуге, сыни тұрғыдағы пікірлерге зәру. Нарық заманы нық қалыптастырған басылымдар мен ұлттық құндылықтарға деген қажетсіздік, кері көзқарас қай жанрдың болсын дамуына кедергісін тигізіп жатқаны да ащы шындық. Белгілі сыншы Амангелді ағамыз жоғарыда аталған мақаласында «…Ресей мемлекеті «Орыс детективі» деген байқау жариялады, мақсаты – әдебиет және кино қызметкерлерін детектив жанрын дамытуға итермелеу, әдеби қауымдастық арасындағы оның мәртебесін арттыру, оған оқырмандар мен қоғам назарын аудару. Ал Қазақстанда мұндай бастамалар қашан қолға алынады? Әлде, біздің елімізде детектив жанры әдебиет есігінен сығалай алмай, әлі де талай жыл далада тұра бере ме?» деп жазды. Бұл шын мәнінде қазақ әдебиетінің ертеңін ойлаған нағыз ұлтжанды азаматтың жанайқайы. Бұл жерде біздің айтқымыз келгені, осындай игі бастаманы, яғни, детектив байқауын өткізуді «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» 2018 жылы қолға алған болатын. Содан бергі алты жылғы уақытта байқау қоржынына түскен алты жүзден астам шығарма «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарына, zanmedia.kz сайтына үздіксіз жарияланып, оқырмандар тарапынан өз бағасын алды әрі былтыр байқау жүлдегерлерінің үздік шығармалары топтастырылған «ШЫТЫРМАН» жинағы жарық көрді. Осы еңбектен бір емес, бірнеше киноға өзек боларлық туынды табылатынына бәс тігуге бармыз. Өкінішке қарай, алты жылдан бері шығып жатқан детектив шығармалардың бірде-біреуіне кино қызметкерлері немесе әдебиет саласы мамандарының қызығушылық танытқаны байқалмады. Корпорацияның бастамасымен дәстүрге айналған шараны қазақ детективі жанрында алғаш қалам тербеген Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына басқа мекемелер де жалғастырды. Мұның өзі қатқан сеңнің қозғалғандығының, яғни, қазақ детективіне бет бұрылғанының айқын көрінісі.

Алтыншы байқауда детектив жанрына қатысты шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, жазушы Серік Әбікенұлы «Детектив жанрының бүгіні мен болашағы», «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы «Детектив шығармаларда кездесетін логикалық, стильдік қателіктер», полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов «Детектив шығармаларда сараптама қорытындысын, айғақтарды пайдаланудың маңызы» тақырыптарында өз ой-пікірлерімен бөлісіп, жанрды дамыту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Серік Әбікенұлының қазақ детективінде бір жиынтық образды қалыптастыруды ұсынуы бекер емес. Мысалы, қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевтың шығармаларында ізкесуші Талғат Майлыбаев қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде тұрақты кездеседі, сол арқылы жазушы туындыларында жас ұрпақты адалдық пен әділдікке, патриоттық сезімге тәрбиелеуге басымдық береді. Қазіргі детектив жазушылар да осы бағытты ұстанса, қоғам үшін пайдалы болар еді.

Өзгелердің жаңалығы