Депутаттарға қиын болды. Енді олар шетелде есепшот аша алмайды

10 Желтоқсан 2020, 13:17
1530
Бөлісу:
Депутаттарға қиын болды. Енді олар шетелде есепшот аша алмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаторлар ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салатын заңды қабылдады.

Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салатын норма азаматтардың қылмыстық процестегі құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша түзетулер жиынтығына енгізілді. Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында дайындалған.

Депутаттар ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін қарастырмайтын түзетулерді ұсынды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң мемлекеттік қызметкерлерге, Парламент мүшелеріне және судьяларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеулер енгізеді, - деді Лукин.

Сонымен қатар, қылмыстық жауапқа тартылған азаматтардың құқығын қорғау мақсатында тиісті органдардың негізгі шешімдерін прокурормен келісу және бекіту міндеті енгізіледі.  Бұл баптар күдіктілер мен айыпталушыларды ғана емес, сонымен бірге жәбірленушілерді де қорғау мен құқықтардың кепілдіктерін арттырады деп отыр.

Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтің айтуынша, судьялар мен құқық қорғаушылардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігі күшейтіледі екен. 

Мемлекеттік қызметкерлерге, депутаттық корпусқа және судьяларға шетелдік банктерде есепшот ашуға тыйым салынады. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады. Енді осы басымдықтарды қылмысты тергеу және сот ісін жүргізу кезінде дұрыс қолдану қажет, - деді Әшімбаев.

Заң жобасындағы негізгі өзгертулер мен түзетулер мынандай:

- сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігі алынып тасталады;

- құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сараланатын белгілері көзделеді;

- прокурорға қылмыстық істер бойынша негізгі шешімдерді қозғайтын төрт процестік әрекетті (күдікті деп тану туралы, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы, күдіктінің іс-әрекетін саралауды өзгерту немесе толықтыру туралы және тергеп-тексеру мерзімдерін үзу туралы қаулыларды) келісу құқығын беру көзделуде;

- прокурорға тергеушінің не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның үш түпкілікті процестік шешімін (бұйрықтық іс жүргізуді қолдану және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулылар, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама) бекіту құқығымен уәкілеттік беру ұсынылады;

- шоттар (салымдар) ашуға және иеленуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға тыйым салу көзделеді. Бұл тыйым жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар (мәслихаттар депутаттарын қоспағанда) және лауазымды адамдар үшін қарастырылған.



Өзгелердің жаңалығы