Депутаттар жайылым тапшылығын талқылады

23 Сәуір 2022, 09:42
1441
Бөлісу:
Депутаттар жайылым тапшылығын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары өңірлерде қосалқы шаруашылықтардың мұқтаждықтары үшін жайылымдық жерлердің тапшылығын төмендету мәселесін талқылады. 

Жергілікті жерлердегі жағдайды зерделеу үшін депутаттар Ақмола, Қарағанды және Түркістан облыстарына барды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мал ұстайтын фермермен мен ауыл тұғындары үшін жайылым жерлерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырды.

Депутаттар ауыл тұрғындарымен кездесуде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі проблемасы бұрыннан бар екенін атап өтті. Олар 2017 жылы жайылымдардың тапшылығы проблемасын шешу үшін «Жайылымдар туралы» заң қабылданғанын,  ол  жайылым жерлерді ұтымды пайдалануға және жердің тозу процестерін болғызбауға бағытталғанын айтты.

Бұл заңға сәйкес әрбір аудан әкімдігі аудандық маңызы бар қала, ауыл әкімдерімен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарды әзірлеп, оны жергілікті мәслихатпен бекітуге тиіс. Депутаттар өз тарапынан азаматтардың проблемаларын жүйелі шешу үшін барлық заңнамалық шараларды қарастырғанына назар аударды. Мәжілісмендердің айтуынша, жергілікті жерлерде әкімдіктер жайылымдарды пайдалану мәселелерін реттеу бойынша жұмысты өз деңгейінде атқара алмай отыр. Әкімдіктер жайылымдардың аумақтарын анықтау бойынша жұмысқа кіріспеген, - делінген хабарламада.

Депутаттар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да жұмыс тиісті деңгейде жүзеге асырылмағанын, сол жайылымдарды қалпына келтіру, сақтау, ұтымды пайдалану үшін іздестіру, жобалау жұмыстарын жүргізуі қажет екенін айтып, бұл жұмыспен бірде-бір мемлекеттік орган жүйелі түрде айналыспағанын атап өтті.

Түркістан облысының Қазығұрт және Төлеби аудандарының тұрғындары депутат Қайнар Абасовқа жайылымдар мен жер телімдерінің жетіспеушілігі туралы баяндап, бұл мәселенің ауыл арасында түсінбеушілікке жиі әкелетініне тоқталды.

Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылының ақсақалдары «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ балансындағы 15,3 мың гектар аумақ арнайы жер қорына қайтарылуы керектігін айтты.

Талқылауға қатысқан аудан әкімдігінің өкілдері биылғы жылы 44 мың гектар жайылымды қайтару жоспарланып отырғанын айтты. 

Төлеби ауданының Кавказ ауылдық округіндегі жағдай мүлдем басқа. 2019 жылы Сайрам-Өгем ұлттық паркіне 1558 га жер берілді. Жайылым алаңы бар-жоғы 400 га, егер 1558 га жайылым халықтың қатетілігі үшін мемлекет меншігіне қайтарылса, бұл үлкен көмек болады, – деді жергілікті тұрғындар.

Ауыл тұрғындары ұлттық саябақтың құрамына кіретін жер учаскесіне арналған қаулы мен мемлекеттік актіні жарамсыз деп тануды талап етеді.

         Кездесуге қатысқан аудан әкімдігінің өкілдері мен облыстық жер қатынастары бөлімінің мамандары жергілікті тұрғындардың осы тілектері мен талаптарын тыңдады.

Мемлекет басшысы ауыл айналасындағы жерлер ортақ пайдалануға қайтарылатынын айтты. Бүгін сіздермен мәселенің анық-қанығына жету үшін кездесіп отырмыз. Халықтың талабын орындауда қандай кедергілер бар? Бұл жөнінде жергілікті атқарушы биліктен ақпарат алып, жан-жақты сараптаймын. Ауданның жер қорына қайтарылған аумақтар жеке меншікке ешқашан өтпейді. Ол елге ортақ пайдалануға беріледі. Оған арнайы Жер Кодексі мен заң нормалары бар. Түркістан облысына қатысты барлық ұсынысты қабылдауға дайынмын. Талаптарыңызды тиісті министрлікке депутаттық сауал ретінде жолдаймын. Сіздермен шілде айында қайта кездесуді жоспарлап отырмын, – деді депутат Қайнар Абасов.

          Сонымен қатар осы күндері Қарағанды облысына барған депутаттар Шамиль Осин мен Аманғали Бердалин да жайылымдармен қамтамасыз ету жағдайы мен ауыл тұрғындарын толқандыратын бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Осыған байланысты депутаттар Нұра ауданындағы «Шахтерский» ЖШС ұжымымен, сондай-ақ Осакаров ауданы тұрғындарымен кездесті.

          Мәжіліс депутаттары Асқарбек Үйсімбаев, Ерлан Саиров және Мәди Елюбаев Ақмола облысының Зеренді және Шортанды аудандарында жер қатынастары саласындағы жайттарды талқылап, жайылым мәселесін көтерді.

Жергілікті атқарушы органдар заңға жеткілікті түрде назар аудару керек. Ауыл тұрғындары арасында түсініспеушілік пен наразылықтар туындауына және жер мәселесі бойынша даулар көбеюіне жол бермеуге тиіспіз. Бұл мәселені тездетіп дер кезінде қолға алмасақ, жер дауы халық арасында бұдан әрі өрши беретіні анық, – деді депутат Асқарбек Үйсімбаев.

Өзгелердің жаңалығы