Депутаттар уақытылы аяқталмаған мектеп құрылыстарын бақылауға алды

22 Тамыз 2022, 23:08
1271
Бөлісу:
Депутаттар уақытылы аяқталмаған мектеп құрылыстарын бақылауға алды

Мәжіліс депутаттары Мәди Елюбаев пен Юлия Кучинская Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы 300  орынға шақталған мектептің құрылыс барысымен танысты. Бұл туралы Мәжілістің Баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл білім беру нысаны «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру аясында қолға алынған. Сондықтан оның сапалы әрі өз уақытында аяқталуы партия бақылауында. Мектептің құрылысы 2020 жылы басталып, биылғы оқу жылының басында, яғни қыркүйекте тапсырылуы керек болатын.

Мердігердің айтуынша, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан жобалық-сметалық құжатты қайта түзету қажет болған. Бұл өз кезегінде құрылыстың кешеуілдеуіне себеп дейді. 

Мәжіліс депутаты Юлия Кучинскаяның пікірінше, мәселенің түпкі себептері мемлекеттік сатып алу туралы заңының шикілігінен болып отыр.

Біз партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңының шикілігінен туындаған біршама олқылықтарды байқадық. Сондықтан біз тек мониторинг жүргізіп, нысанды уақытында тапсырмаған мердігерді жазалауды мақсат тұтпаймыз. Негізгі мақсатымыз заңдарды жетілдіру. Қандай заңда нендей олқылықтарын барын анықтауға тырысып отырамыз. Мәселен, бүгінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның жетілмегендігін байқадық. Одан қалды құрылыс нысандарын салуды жоспарлау жүйесі де жетілмеген. Олай дейтінім, мердігермен әңгімелесу барысында жобалық-сметалық құжаттаманың әуелде-ақ сапасыз әзірленгенін, геологиялық барлаумен байланысты проблемалар анықталғанын білдік. Келесі сессиядағы жұмыс аясында біз осы мәселелерді көтеретін боламыз. «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңды жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы бірнеше рет тапсырма берді. Бұл тақырып депутаттардың айналысатын негізгі бағыттарының бірі, – деді Юлия Кучинская.

Өз кезегінде, құрылыс нысанының бас мердігері «Достар» көпсалалы компаниясының өкілі Аслан Набиев болса, мектепті желтоқсан айында аяқтауға тырысамыз деп отыр.

Мәжіліс депутаты Мәди Елюбаев аталған мектептің құрылысы Жібек жолы ауылындағы үш ауысымда оқу мәселесін біршама шешуге көмектесетінін алға тартты. Депутаттардың айтуынша, елорда маңындағы елді-мекендердегі ең негізгі проблема тұрғындарының көбі ауылда ресми тіркелмегендігінен туындап отыр. Мәселен, Жібек жолы ауылындағы жергілікті халықтың саны ресми дерек бойынша 10 мыңның айналасында болса, түптеп келгенде, тұрғындар одан екі есе көп.

Бұл өз кезегінде елорда айналасындағы ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымдардың жетіспеушілігіне алып келуде. Сондықтан депутаттар алдағы уақытта агломерацияларды дамыту туралы заңды жетілдіру қажет деп санайды.

Жалпы Жібек жолы ауылдық округінде бүгінде бір емес, екі мектептің құрылысы жүруде. Екеуі де 300 орынға шақталған. Мәжіліс депутаттары Жібек жолы ауылындағы мектептің құрылысы баяу жүргендігін анықтап, оның жылдың соңына дейін жылдам әрі сапалы орындалуын бақылауда ұстайтындарын айтты. 

Өзгелердің жаңалығы