Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында туды қорлағандарды 5 жылға соттауды және былапыт сөз айтқан, есірткіге елігіп, ішімдік ішкен әншілерді, өнерпаздарды 5 жылға дейін сахнадан аластатуды ұсынды.
Еліміздің Ата заңында шығармашылық еркіндікке кепілдік берілген. Ал еркіндікті ессіздікпен алмастыруға болмайды. Ар мен ұят – ұлттық құндылықтардың негізгі өзегі болуы керек. Әлемнің көптеген елінде концерт өткізудің процедуралық жолдары бар. «Ел алдында орындалатын туындылардың мән-мазмұны мен мәтіні сол елдің идеологиясына сай келе ме, өнерпаздың жеке репутациясы қандай?» деген тексерістер алдын ала жасалады. Концерттің маршруттық бағыты, репертуар мәселесі, қауіпсіздік шарттары өте қатаң бағаланады, - дейді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор Мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заңның баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды, «Мәдениет туралы» заңға концерттер және басқа да мәдени, көпшілік іс-шараларды ұйымдастырушылар мен жекелеген өнер өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін баптарды енгізуді, әдепсіздік көрсеткен, былапыт сөз айтқан, есірткіге елігіп, ішімдік ішкен әншілерді, өнерпаздарды 5 жылға дейін сахнадан аластатуды ұсынды.
Сонымен қатар Мәдениет министрлігі жанынан құрылған репертуарлық алқа мен республикалық және аймақтық көркемдік кеңестердің жұмысын күшейтуді, БАҚ мәдени іс-шараларды өткізу және жүргізу талаптарына халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтау мен сыйлау ережелерін енгізуді, осы талаптарды бұзған шығармашылық ұйымдар мен әншілердің қызметін 5 жылға дейін шектеу қоюды талап етеміз, - деді ол.
Бұған дейін депутат Алматыда концерт өткізген ИК мен Shiza сахнада көрсеткен ерсі әрекеттері үшін іле-шала кешірім сұрап, айыппұл төлей салғанын айтты.