Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев онлайн құмар ойындарға кіріп кеткен қазақстандықтар мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, ойын бизнесінің арнайы аймақтарға көшірілуіне қарамастан, халық арасында, оның ішінде жастардың интернет-казинолар ұсынатын құмар ойындар мен бәс тігуге қызығушылығы күннен-күнге артып келеді.
ҚР-ның заңнамасына сәйкес 2020 жылы құмар ойындар мен бәс тігудің теріс әсерін азайту мақсатында азаматтар үшін осындай ойындарға қатысудан өз бетінше шектеу мүмкіндігі енгізілген. Дегенмен заң қабылданған сәттен бастап бір жарым жыл ішінде тізімге 430-дан астам адам тіркелсе, олардың 50 процентін 30 жасқа толмаған жастарымыз құрап отыр. Бұл дерттің шырмауында жас өрендеріміздің көп екендігін аңғартады, - деп айтты депутат.
Бейсенбаев атап өткендей, әлеуметтік зерттеулердің деректері бойынша адамдардың 57%-ы тәуелділіктің негізгі себебі жеңіл табыс табу мен ештеңе жасамай-ақ байып кету екенін атап келеді. Медицина мамандарының айтуынша, ойынқұмарлық – нашақорлық пен алкологольге тәуелділіктен де зиянды.
Бүгінде интернет беттері оңай табыс әкелуді көрсететін әр түрлі онлайн-казинолар мен букмекерлік кеңселердің агрессивті жарнамасының көлемі айтарлықтай өсті. Онлайн-казинолар тайраңдап жүргенде, отбасылардың ойрандалып жатқандығы баршамызға аян. Зерттеулердің нәтижелері бойынша интернет беттерінде қаптаған саңырауқұлақтай құмар ойындардың тозағына еліміздің әрбір оныншы отбасы ілінеді екен. Қазақстанда ойынқұмарлық негізіндегі қылмыстар өздерінің қатыгездігімен таң қалдырады. 2018 жылдың сәуір айында Шымкент қаласының ойынқұмар тұрғыны, өзінің кезекті ірі көлемдегі ақшалай ұтылысынан соң, қатыгездікпен өз анасы мен атасын өлтірген еді. Сол жылы елордамыздың тұрғыны өзімен бірге тұратын әйелді, екеуара ортақ қаржыларын құмар ойынға ұтылуына байланысты өлтіру фактісі бойынша ұсталған еді, - деп мәселені көтерді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты бойынша жақында «Kcell» байланыс операторының қаржы директоры ұсталды, ол соңғы үш жыл ішінде Қылмыстық жолмен 450 миллион теңге ұрлап, олардың көп бөлігін букмекерлік кеңселерде ұтылса, маңғыстаулық банк қызметкері клиенттердің шотынан 90 млн теңгеден астам қаржыны заңсыз ұрлап, қаражаттың негізгі бөлігін букмекерлік кеңсе арқылы қолма-қол ақшаға айналдырғаны белгілі болып отыр.
Тиісті мемлекеттік органның мәліметінше, 2021 жылдың басынан бастап интернет-казино қызметіне және жарнамасына байланысты бұзушылықтар бойынша 2 223 интернет сайттарының жұмысына шектеу қойылған. Алайда, бұл бұғаттау бойынша шаралар онлайн-казино санының азаюына алып келмейді, өйткені бұғаттаудан кейін жаңа сайттар құрылады.
Заңдық тетіктердің барлық мүмкіндіктеріне қарамастан, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан интернет-казинолардың қызметіне қарсы іс-қимыл шараларын жеткіліксіз реттелуде деп есептейміз. Мысалы, халықаралық тәжірибе бойынша Американың көптеген штаттарында 2006 жылдан бері интернет-казино қызметіне тыйым салынған және қаржы ұйымдары интернет-казиноға бәс тігу жасайтын азаматтардың шоттарына қызмет көрсете алмайды. Ал Қытай аумағында үкімет интернет-казинолар мен букмекерлік кеңселердің сайттарын ғана емес, сондай-ақ аталған сайттарды жарнамалайтын ресурстарды да бұғаттау бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр, - деді ол.
Осыған байланысты депутаттар жауапты мемлекеттік органдардан интернет-казиноның қызметіне қарсы іс-қимыл жасау және құмар ойындар мен бәс тігудің жарнамасын шектеу жөніндегі шараларды күшейтуді сұрады:
- интернет-казиноларда және букмекерлік кеңселерде төлемдерді кредиттік карталардың көмегімен толтыруға тыйым салуды қарастыруды;
- Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып, құмар ойындарды ұйымдастыру, өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асырып келген шетелдік ұйымдастырушылардың арнайы тізбесін әзірлеуді сұрады.