Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден вице-премьер Тамара Дүйсеноваға ауыл мұғалімдерін қолдаудың тетігін айтып, ұсыныс жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауыл мұғалімдерінің жалақысы мен тарифтік ставкалары қалалық мұғалімдердің ставкаларымен салыстырғанда 25%-ға көтерілді. Аталған заңның арқасында ауыл мұғалімінің жағдайы түзелді, тіпті, ауылдағы ұстаздардың қалаға көшкісі жоқ. Бұл ауылдағы оқушыларға қала мектептерімен тең дәрежеде білім беру үшін қабылданған дұрыс шешім болатын, - деді депутат.
Алайда Әбденнің сөзінше, осы заңда назардан тыс қалған бір мәселе бар. Ол - тұрғылықты халық саны орташа ауылдан аз болса да, мәртебесі “қала” немесе “кент” статусына ие болған елді-мекен мұғалімдерінің жағдайы.
Барлық критерий жағынан ауылдық елді-мекендерге жататын кенттер мен шағын қалалардағы мұғалімдер заңда белгіленген 25 пайыздық қосымша төлем – "ауыл коэфициентіне" қол жеткізе алмай отыр.
Яғни олар тұратын елді-мекеннің әкімшілік мәртебесі қағаз жүзінде “қала” немесе “кент” болғанымен, іс жүзінде, ол қала да, кент те емес, кәдімгі ауыл. Мысалы Ұлытау облысы Қаражал қаласы тұрғындарының саны 8 мың адам, ал, Жәйрем кентінде 9 мың халық тұрады. Осы елді-мекендерден 20 шақырым жердегі Жеңіс ауылының мұғалімдері “ауыл коэффициентін” алады. Ал, облыс орталығы Жезқазғаннан 220 шақырым, Қарағандыдан 500 шақырым қашықта орналасқан Қаражал мен Жайрем кентінің мұғалімдері аталған үстемақылардан, тиісті әлеуметтік көмектен, қалалық емханаларға қаралу секілді тағы да басқа мүмкіндіктерден айырылған. Сол себепті де, мәселен, Жәйрем кентінің мұғалімдері көршілес ауылдарға жұмыс ауыстырады екен, - дейді ол.
Ол депутаттар еліміздегі 10 мың адамға жетпейтін кенттер мен аудандық маңызы бар шағын қалалар бойынша мәселені мұқият зерттегенін қоса кетті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, елімізде халық саны 10 мың адамға жетпейтін 36 елді мекен – кенттер мен шағын қалалар есепке алынған. Ол жерде 70 тен астам жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп бар.
Өңірлердегі осындай кенттер мен қалалардың мұғалімдерін қолдау қажет деп есептейміз. Яғни шалғайдағы мектептердің барлық белгісі бар, концепцияға толықтай сәйкес келетін елді-мекен мұғалімдеріне ауылдық коэффициент қол жетімді болуға тиіс. Бұл ұсыныс оң шешімін тапса, кішкентай “кент”, “қала” мәртебесі бар елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Әкімшілік мәртебесі “қала” не “кент” болғанына қарамастан, кәдімгі ауыл тірлігін кешіп отырған шалғайдағы елді-мекен мұғалімдері үшін «ауыл коэффициентін» енгізуді сұраймыз, - деп айтты депутат Қарақат Әбден.