Депутаттар әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арналған заң жобасын әзірлейді

6 Қазан 2020, 15:31
1988
Бөлісу:
Депутаттар әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арналған заң жобасын әзірлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәулен Әшімбаев әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында Сенат төрағасы бұл саланың шағын және орта бизнесті өркендету, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелерді шешу және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету үшін маңызы зор екенін айтты.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету көзделіп отырғанына назар аударды.
Мемлекет басшысы осы мәселеге баса мән беріп отыр. Президентіміз нақты тапсырмалар да берді. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттік органдар тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлікке жүйелі қолдау көрсетілу керек. Бұл ретте ерекше қажеттілігі бар адамдар мен әлеуметтік осал топтардың кәсіпкерлікпен айналысуына және жұмысқа орналасуына мүмкіндікті арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Осы бағыттағы негізгі қадамдардың бірі – әлеуметтік кәсіпкерліктің қызметін реттейтін және мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің тиімді тетіктерін анықтайтын заң қабылдау, – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік көптеген елде кең тарағанын тілге тиек етті. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия сияқты елдерде жалпы ішкі өнімнің 3-тен 5 пайызға дейінгі көлемін әлеуметтік кәсіпкерлік қамтамасыз етеді.

Бұл заң жобасын бәріміз бірлесіп дайындауымыз керек. Бүгінгі отырысты осы бағыттағы ауқымды жұмыстың басы деп қабылдаймыз. Жалпы әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі міндеттерінің бірі – ерекше қажеттілігі бар адамдарды ортаға бейімдеу және олардың әлеуметтік, экономикалық белсенділігін арттыру. Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік бағыттағы жобаларды сәтті іске асырып жүрген кәсіпкерлер де бар. Заң жобасын дайындау кезінде олардың пікірі мен ұсыныстары міндетті түрде ескерілуге тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Сенат төрағасы Қазақстанда әлеуметтік кәсіпорындардың қарым- қатынасын реттейтін заңнамалық базаның жоқтығын және мемлекеттік құрылымдар мен әлеуметтік кәсіпкерлік арасындағы өзара іс-қимылдың қажетті деңгейде емес екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев Сенат жанынан әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелері бойынша заң жобасын әзірлейтін жұмыс тобы құрылатынын айтты. Бұл жұмыс Мәжіліспен бірлесіп іске асырылады.

Кездесуге қатысқан әлеуметтік кәсіпкерлер бірқатар нақты ұсынысын жеткізіп, саланы дамытуға қатысты өз ойларымен бөлісті. Одан бөлек, іс-шараға Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов және Мәжіліс депутаттары қатысты.

 


Өзгелердің жаңалығы