Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
28 қазанда Костенко атындағы шахтада апат салдарынан 46 адам көз жұмды. Бұл - тұтас халқымыз үшін үлкен қасірет. Мемлекет басшысының бастамасымен 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болды. Барлық депутаттың атынан қайтыс болған кеншілердің отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Депутаттар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Айта кетейік, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Алдын ала болжам бойынша, лавада газ метан жарылған.
Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.
Костенко шахтасындағы апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, "АрселорМиттал" АҚ мемлекет меншігіне өтетіні белгілі болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер тобы зардап шеккен кеншілерге медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға жіберілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев та апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды.
Бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша, Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан 36 кеншінің мерт болғаны анықталды.
Бұған дейін Үкімет шахтада қаза тапқандардың отбасыларына көрсетілетін көмек шараларын бекіткен болатын.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасына қанша теңгеден төлем берілетінін мәлімдеді.