Депутаттар Қызылордадағы «Гежуба Шиелі Цемент» жұмысымен танысты

1 Ақпан 2019, 21:45
3074
Бөлісу:
Депутаттар Қызылордадағы «Гежуба Шиелі Цемент» жұмысымен танысты

Астана, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Абзал Ералиев, Нұрлан Дулатбеков, Бейбіт Мамраев, Бақтияр Мәкен және Кәрібай Мұсырман Қызылорда облысындағы Шиелі ауданына барды.  

Онда қуаттылығы жылына 1 млн тонна  цемент өндіретін «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының жұмысымен танысып, жұмысшыларымен сұхбаттасты.

«Гежуба Шиелі Цемент» зауыты өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында іске қосылған болатын. Жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын кәсіпорын индустрияландыру картасына енгізілген аудандағы ірі жобалардың бірі. Бүгінгі таңда компания жергілікті 200 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оларды оқыту мәселесі де жолға қойылған.   

-Біз алдымен жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру мақсатында Қытай еліндегі зауытта 100 адамды арнайы оқудан өткіздік. Қазір қытайлық инвесторлар ауданымызда Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің базасында жергілікті жастар арасынан 100 маман даярлауда. Бұл өз кезегінде моральдық  және материалдық жағынан бізге өз тиімділігін көрсетіп отыр, - дейді  зауыт басшысының орынбасары Алмас Сұраншиев.

Кездесу барысында халық қалаулылары Елбасы Жолдауындағы әрбір бағыттың халық игілігіне арналғанын атап өтіп, жалпы аудандағы қолға алынған жұмыстарды оң бағалады. Сондай-ақ зауыт жұмысы  аграрлы аймақтан индустриалды аймаққа айналған Сыр өңіріне ғана емес, еліміздің дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

- Тампонажды цемент  бұл өнім құрылыс, мұнай және газ сондай-ақ уран өндірісінде кең қолданысқа ие. Зауыттың қуаттылығы да  өте жоғары. Жаңа технологиялардың енгізіліп жатқанын да көрдік. Цифрландыру жүзеге асырылуда. Сондықтан зауыттың ел экономикасына қосар үлесі өте зор. Меніңше, мұндай алдыңғы қатарлы кәсіпорындарды  әрі қарай дамытып, олардың айналасында кіші және орта кәсіпкерлікті жетілдіруіміз керек, - деді депутат Бейбіт Мамраев.

Ал депутат Кәрібай Мұсырман кәсіпорын жұмысын Мемлекет басшысының елімізге инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту аясындағы Қазақстан-Қытай серіктестігінің және еліміздегі қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалдың жемісі екендігін атап өтті.

Айта кету керек жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 51 бірлескен қазақстандық-қытайлық жобалар тізіміне кірген. Бас мердігер «Чайна Триумф Интернэшнл» - халықаралық көшбасшы компаниялардың бірі.
Өзгелердің жаңалығы