Депутаттар енді мінберде туған күнмен құттықтай алмайды

Депутаттар енді әріптесінің сөзін бөлсе немесе этиканы бұзса, сөйлеу құқығынан айырылуы ықтимал.

Кеше 2026, 16:12
АВТОР
 Мәжілістің баспасөз қызметі Кеше 2026, 16:12
Кеше 2026, 16:12
333
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Құрылтай туралы заң жобасы аясында депутаттардың этикасына қатысты жаңа талаптар енгізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, заңнамаға алғаш рет депутаттық этикаға арналған жеке тарау енгізілмек. Онда халық қалаулыларының сөйлеу мәдениеті, әріптестерінің сөзін бөлмеуі, дөрекі және ауыр сөз қолданбауы секілді талаптар нақты жазылады.

Сонымен қатар этиканы бұзған депутаттарға қатысты санкциялар да қарастырылып отыр.

Депутатқа сөгіс жариялануы мүмкін. Сондай-ақ бір немесе үш мәрте сөз сөйлеу құқығынан айыру секілді әлемдік парламенттік тәжірибеде бар шаралар енгізіліп жатыр, – деді ол.

Оның сөзінше, егер депутат дәлелсіз себептермен отырыстарға қайта-қайта келмесе, партия Орталық сайлау комиссиясына шағым түсіре алады. Соның негізінде депутат мандатынан айырылуы ықтимал.

Депутаттық этиканы бақылайтын арнайы комиссия қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына Мәжілістегі алты партияның өкілдері енген.

Депутат жаңа заң аясында жеке мәселелерге қатысты шектеулер де енгізіліп жатқанын айтты. Атап айтқанда, Мәжіліс мінберін жеке мақсатта пайдалануға тыйым салынбақ.

Қазір заңда депутаттарға жеке мәселелер бойынша Мәжіліс мінберін пайдалануға тыйым салу нормасы енгізіліп жатыр. Яғни туған күнмен құттықтау сияқты жеке дүниелерге мінберді қолдануға болмайды, – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, Құрылтай құрылғаннан кейін қабылданатын алғашқы құжаттардың бірі депутаттардың жұмыс тәртібі мен этикасын толық реттейтін арнайы регламент болуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. 

Наверх