Депутаттар бюджет тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты

28 Ақпан 2024, 14:42
1118
Бөлісу:
Депутаттар бюджет тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов бюджет тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осыған қатысты депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады.

Биыл еліміз бойынша бюджет тапшылығы болу қауіп-қатері жоғары. Бүгіннің өзінде, бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Еліміздің биылғы шығыны – 24 трлн теңге. Оның 16,5 трлн теңгесі табысымыз, 3,6 трлн теңгені Ұлттық қордан аламыз, 4 трлн теңге құнды қағаздарды шығарудан түсіп отыр. Яғни тапшылық 7,5 трлн теңгені құрап отыр, - деді Жайымбетов.Депутаттар уәкілетті органдар «асықпай арбамен қоян аламыз» деп жүргенде, арбамыздың дөңгелегі сына ма деп қатты алаңдап отыр.«Бас жарылса бөрік ішінде» деп жүре беретін заман келмеске кеткен. Алдымен, квазисектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, қазынамызға ең кемі 3 трлн теңге түсіруге болады. Бұл бір. Екіншіден, квазисектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде әлі де ашықтық жоқ. Сондай-ақ ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер неге қажет?, – деді депутат.

Мархабат Жайымбетов салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және олардың санын оңтайландыру мәселесін де көтерді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша қолданылған салық жеңілдіктер сомасы 2022 жылы 9,5 трлн теңге болған. Бұл бюджетке түспеген қаржы.

Басты кемшілік - жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілгенін.

Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны - 485. Бұл дегеніміз едәуір көп. Біз алдымен 30% қысқартсак, шамамен бюджетке 1,3 трлн теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек болашақта 50% жеткізуге болады.

Расымен кейбір салықтық жеңілдіктер тиімділіктерін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр. Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салықтан (НДС) босатылған. Бірақ осы салықтан босату – дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасының түсуіне әсер етпеген. Осы ретте, мемлекет беретін жеңілдік іс жүзінде импорттаушылар мен сатушылардың коммерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ал бюджетке кіріс келтірмей отыр. Көбіне, жеңілдіктердің негізгі алушылары - ірі компаниялар, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Мархабат Жайымбетов мынадай ұсыныстар айтты:

1. Салықтық жеңілдіктерге толық ревизия жасап, шетелдік тәжірбиені қарап, алдымен 30%-дан астамын қасқарту қажет. Яғни 150-ге жуық түрін қысқарту.

2. Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіріп, квазисектордың таза пайдасын 100% бюджетке беру.

3. Ұлттық компаниялардың, әсіресе Самұрық-Қазына қорындағы тендерлерді – бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік сатып алу заңының қолданылу аясына ауыстыру қажет. Сонда ғана 100 пайыз ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ете аламыз.

Өзгелердің жаңалығы