Депутат Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен елімізді газдандыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны жайлы сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанның 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасына сәйкес 2030 жылға дейін еліміздің газдандыру деңгейі 65%-ға жетуі керек. Осыған орай газ тасымалдау жұмысын дамытуға 103 млрд-қа жуық қаражат қарастырылған. Оның ішінде Ұлттық қордан 85,8 млрд теңге және Үкіметтің резервінен нысаналы трансферт бойынша 16,9 млрд теңге қарастырылған, - деп айтты Жаңбыршин.
Оның сөзінше, Жоғары есеп палатасының қорытындысына сәйкес, Энергетика министрлігі бойынша Ұлттық қордан бөлінген 8,9 млрд теңге (нысаналы трансферт) игерілмей қалды.
Нәтижесінде 105 елді мекен, 3 қала газбен қамтылмады. Негізгі себептері – сот процестері, орындалған жұмыстардың актісінің болмауы, сметалық құжаттарды өзгерту және т.б. Яғни министрлікте жүйелі жұмыстың және осыған жауапты адамдардың жауапкершілігінің төмендегін көрсетеді. Жыл сайын қайталанатын проблемаларды жою үшін министрлік не істеп жатыр? Осыған жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды ма? – деп сұрады депутат Энергетика министрінен.
Өз кезегінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев депутаттың сұрағына жауап берді.
Игерілмеген сомасының басым бөлігі Жамбыл облысы, 4,9 млрд теңге. Бұл 4 жобаның сомасы. Мердігермен сотқа дейінгі талқылау болды. Сонымен қатар Жетісу облысында 7 жоба, Ақтөбе облысы 1 млрд теңгеге 4 жоба бар, - деді министр.
Сәтқалиев игерілмеген қаражаттар қысқартылмағанын айтты. Шамамен 7,2 млрд теңге биылғы бюджетке ауыстырылғанын айтты. Ол барлық жоба Үкіметтің бақылауында болатынын жеткізді.
2030 жылға дейін өңірлерді газдандыру бойынша 142 жоба бар. Былтыр оның 31-і аяқталды. Шамамен 43 елді мекен газға қосылып, 500 мыңнан аса адам газбен қамтылды.