Сенатор Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, жоба талаптарына тек 4-5 құрылыс компаниясы сай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық жобаға сәйкес 2025 жылдың соңына дейін ел аумағында 401 жаңа мектеп салу жоспарланған. Жобаның жалпы бюджеті - 2,6 трлн теңге. Бұл ретте конкурсқа қатысатын жергілікті орта бизнес өкілдері олардың атына негізсіз шағымдар айтылғанын жеткізді. Ал тендер құжаттарының талаптары тек ірі бизнеске бағытталғанын айтып жатыр, - деді сенатор.
Оның айтуынша, талаптарға сәйкес, конкурстық комиссия әлеуетті жеткізушіге соңғы 5 жыл ішінде жыл сайын кемінде 500 млн. теңге төленген салық сомасына шартты жеңілдік береді.
kgd.gov.kz сайтының ақпараты бойынша республика көлемінде мұндай 4-5 ұйым ғана бар. Сондықтан да аталған талаптар белгілі бір заңды тұлғалардың пайдасына, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды монополиялауға, жобаға қатысуға ниетті басқа да «әлеуетті жеткізушілердің» аясын қысқартуға себеп болып отыр, - деп атап өтті депутат.
Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, іс жүзінде ірі «жеңімпаз компаниялардың» басым көпшілігі негізгі жұмыс көлемін орындау үшін қосалқы мердігерлік жұмыстарға әлдеқайда аз сомаға шағын және орта бизнес өкілдерін тартады. Бұл өз кезегінде жұмыс сапасының төмендігі мен құрылыс мерзімдерінің бұзылу қаупіне әкеледі.
Үкіметтен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында құрылыс-жобалау жұмыстарын сатып алудың монополиялануына жол бермеуді, орта бизнес үшін сатып алулардағы бар кедергілерді жоюды, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін «әлеуетті жеткізушінің» белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлікке географиялық байланыстылығы критерийін енгізуді, бюджет қаржысы есебінен орындалатын қызметтер мен жұмыстар бойынша «негізгі мердігер» мен «қосалқы мердігердің» міндеттемесі мен жауапкершілігін белгілеуді сұраймын», - деді Жанболат Жөргенбаев.