Депутат жаңа Конституция құндылықтарын білім беру жүйесіне енгізуді ұсынды

 ©BAQ.KZ архиві 7 Қазан 2026, 12:12
7 Қазан 2026, 12:12
149
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдап, Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру жөніндегі бірқатар шара ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат өз сауалында Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, елдің саяси жүйесінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция негізінде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген мемлекеттік басқару моделі заң жүзінде бекітілді.

Сондай-ақ елде Вице-Президент институты енгізіліп, бір палаталы Парламент – Құрылтай өз жұмысын бастады. Билік пен қоғам арасындағы байланысты күшейту мақсатында Қазақстан Халық Кеңесі құрылды.

Бұл реформалардың басты мақсаты – болашақтағы сын-қатерлерге жауап бере алатын, тұрақтылық пен плюрализм қағидаттарына негізделген саяси жүйесі бар мемлекет қалыптастыру, – деді Ерлан Сайыр.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» концепцияларының маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, бұл бастамаларды бір реттік акция ретінде емес, мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыратын ұзақ мерзімді құндылықтар ретінде қарастыру қажет.

Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясы мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныс жасады.

Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа Конституцияның негізгі жаңалықтары мен нормаларын халық арасында жүйелі түрде түсіндіру ұсынылды.

Екіншіден, Конституцияда бекітілген жаңа құндылықтарды жастарға да, ересектерге де түсіндірудің заманауи әрі тиімді тәсілдерін әзірлеу қажеттігі айтылды.

Үшіншіден, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» концепцияларын қоғамның дамуына бағытталған ұзақ мерзімді философиялық құндылықтар ретінде қалыптастыру ұсынылды.

Осы бағытта мектептер мен жоғары оқу орындарында аталған концепциялардың маңызына арналған тақырыптық сабақтар өткізу, әдістемелік курстар ұйымдастыру және оларды насихаттау мен іске асырудың жүйесін әзірлеу қажет.

Мемлекет басшысының еліміздің саяси жүйесін реформалаудағы басты мақсаты – халықаралық құқықтың әлсіреп, жаһандық тұрақсыздық белең алған кезеңде елдікті сақтап, Тәуелсіздікті мәңгі ету. Баршамыз осы міндет биігінен шыға білуіміз қажет, – деді депутат.

 

Наверх