Депутат Ұлттық тазалық стандартын әзірлеуді ұсынды

30 Қыркүйек 2026, 12:49
АВТОР
 Құрылтай 30 Қыркүйек 2026, 12:49
30 Қыркүйек 2026, 12:49
124
Фото: Құрылтай

Құрылтай депутаты Айжан Сқакованың пікірінше, «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруда өткізілген экологиялық іс-шаралардың санынан гөрі, олардың нақты нәтижесіне басымдық беру қажет. Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы әрбір қала мен ауылға тазалықтың цифрлық паспортын енгізуді, сондай-ақ тұрғындарға экологиялық мәселелердің шешілу барысын ашық көрсетуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Айжан Сқакованың Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровқа жолдаған депутаттық сауалында айтылған

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы қысқа уақыт ішінде экологиялық акция шеңберінен шығып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау идеологиясына айналды. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, таза ауа мен қауіпсіз суды қамтамасыз ету, экожүйелерді сақтау, қалалар мен ауылдарды абаттандыру.

2025 жылы бастама аясында 1 294 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 7 миллионға жуық адам қатысқан. Нәтижесінде 1 миллион гектардан астам аумақ тазартылып, 844 мың тоннадан астам қоқыс жиналған. Сонымен қатар 3 миллионға жуық ағаш отырғызылған.

Ал бастама жүзеге асырыла бастағалы бері 10 мыңға жуық заңсыз қоқыс орны жойылып, 7 миллионға жуық ағаш егілген. Бұдан бөлек, 2 мыңнан астам волонтерлік жоба іске асырылып, TazaQazBot арқылы азаматтардан 57 мыңнан астам өтініш түскен.

Дегенмен депутат ендігі кезекте өткізілген іс-шаралардың санын ғана емес, олардың нақты нәтижесін бағалау маңызды екенін атап өтті.

Енді іс-шараларды есепке алудан олардың нәтижесін бағалауға көшу маңызды. Нақты қалалар мен ауылдар қаншалықты тазарды? Заңсыз қоқыс орындары жойылды ма? Аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің жағдайы қандай? Отырғызылған ағаштар сақталды ма? Қоқысты жинау және қайта өңдеу үшін қажетті инфрақұрылым бар ма? – деді Айжан Сқакова.

Осы орайда депутат Ұлттық тазалық стандартын әзірлеуді уақытылы қабылданған шешім деп санайды. Алайда оның пікірінше, стандарт бірыңғай талаптарды белгілеп қана қоймай, олардың әр елді мекенде орындалуын бағалауға мүмкіндік беруі керек.

Сондықтан «Әділет» партиясының фракциясы әрбір елді мекенге цифрлық паспорт енгізуді ұсынады. Онда аумақтың тазалығы, заңсыз қоқыс орындарының болуы, контейнер алаңдары мен қайталама шикізатты қабылдау пункттерінің жағдайы, жасыл желектер мен қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі туралы мәліметтер қамтылуы тиіс. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштері, оларға жауапты органдар және мәселелерді шешу нәтижелері көрсетілуі қажет.

Депутат бұл тетік қалалар мен ауылдардың нақты жағдайын бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар цифрлық паспортты TazaQazBot, заңсыз қоқыс орындарын ғарыштық мониторингтеу деректері және Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың ұлттық деректер банкі секілді қолданыстағы ақпараттық жүйелермен біріктіру ұсынылды.

Мұндай паспорт өткізілген іс-шаралардың санын ғана емес, қала немесе ауылдың нақты жағдайын көруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Депутат «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында экология, цифрландыру және қалалық ортаның сапасы жеке бағыттар ретінде белгіленгенін де еске салды. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға дейін арттыру, орман алқаптарының көлемін 14,5 миллион гектарға жеткізу және 2035 жылға қарай экономиканың энергия сыйымдылығын 15%-ға төмендету көзделген.

Осы міндеттердің орындалуын республикалық статистикамен ғана емес, нақты қалалар мен аудандар деңгейінде де бағалау қажеттігі айтылды.

Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы Үкіметке төрт ұсыныс жолдады.

Біріншіден, Ұлттық тазалық стандартын әзірлеу кезінде қалалар мен ауылдарға арналған нақты әрі өлшенетін көрсеткіштерді белгілеу. Екіншіден, әр елді мекеннің нақты жағдайы мен стандарт талаптарының орындалуын көрсететін цифрлық паспорт енгізу. Үшіншіден, бұл тетікті қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіру. Төртіншіден, азаматтарға анықталған мәселелер, оларға жауапты органдар, оларды шешу мерзімдері мен нәтижелері туралы ақпаратқа ашық қолжетімділік беру.


Депутаттың пайымынша, «Таза Қазақстан» бастамасының келесі кезеңінде басты назар өткізілген іс-шаралардың санына емес, қалалар мен ауылдардың нақты тазалығына аударылуы керек.

Азамат ел бойынша жалпы статистиканы ғана емес, өзі тұратын елді мекендегі нақты нәтижені де көруі керек, – деп айтты Айжан Сқакова.

Наверх