Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ халқының арғы-бергі тарихында Ел Көшін бастаған хандар мен билеріміз, көсемдеріміз бен шешендеріміз қандай да бір тағдыршешті кезеңде Ұлытауға жиналып, мәмілелескені тарихтан мәлім.
Парламент депутаты Жанарбек Әшімжанұлы осылай дейді.
Жошы өзінің ғаламдық ұлы жорықтарына дәл осы қасиетті Ұлытауда ұлысымен баталасып, жолға шыққан. Берісі Ресейде, арысы кәрі құрлықта атының ауыздығын ағытқан Батый да Жошының Байрағын осы Ұлытауда қолына алған. Алып шаһарларды отқа ораған Алтын-Орданың ханы Тоқтамысқа, ер Едігеге мәңгілік жер бесік болған мекен бұл. Түбі бір Түркі көсемдерімен ымыраға келе алмай кеткен Әмір-Темір өзінің тағдырын Алтыншоқыдағы тасқа қашап қалдырды. Қасқа жолы жарғыға айналған Қасым ханның ақтық Асы өткен Ұлытау бұл. Алатаудың арғы қапталында қапыда Кене ханның басы иығынан домалап бара жатқанда бір түйір топырағы бүлк ете қалған Ұлытау! - дейді депутат.
Сонымен қатар ол Ұлытау - біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар рухани аңызына айналған, ақындар жырына арқау еткен, сын-сағатта пәтуа мінбері болған қасиетті төр екенін атап өтті.
Қырым мен Үрімнің үрейін алған Көшпенділердің көшін бастаған хандар мен билердің жолы дәл осы Ұлытаудан басталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сол қасиетті төрде елдік пен бірліктің Байрағын желбіретіп, Ұлттық Құрылтай шақырған еді. Сол сәттің мезгіл сағаты соғуға жақын. Салтанаты жарасқан байсалды Мәжілістен халықтың күтетін үміті мен сенімі мол. Ұлытау байтағындағы Жошы хан кесенесінің іргесіне Ақ-Шатыр тігіліп, Байрағы желбіреген Ұлттық Құрылтай Қазақ Еліне, ел-халыққа қайырлы болғай! - деп жазды Жанарбек Әшімжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.