Депутат Үкіметті инфляцияға қарсы жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды

26 Қаңтар 2022, 11:55
881
Бөлісу:
Депутат Үкіметті инфляцияға қарсы жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Үкіметке елде инфляцияны нақты тежеу жөніндегі шаралар қабылдауды ұсынып, депутаттық сауал жолдады.

2021 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар елдегі азық-түлік инфляциясының деңгейі едәуір төмендетілгенін жариялады. Белгілі бір жетістік бар. Бұл – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасының нөлдік өсімі, бірқатарының бағасының төмендеуі. Баға мониторингі апта сайын жүргізіледі. Жауапты мемлекеттік орган анықталды, - деді ол.

Депутат атағандай, азық-түлік бағасының жалпы деңгейі көтерілді. 2021 жылғы өсім 9,9%-ға жетті. Халықтың табысының 56%-дан астамы азық-түлікке тиесілі болды. Бірқатар өңірлерде, атап айтқанда, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарында шығыс көлемі - 60%-дан астам болды. Шығыстың екі негізгі бөлігі нан мен жарма және ет пен ет өнімдеріне жұмсалды.

2021 жылғы қаңтар-қарашада өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нан-тоқаш өнімдері мен жарма – 9,1%-ға, оның ішінде жарма – 20,2%-ға, макарон өнімдері – 11,5%-ға қымбаттады. Ет бағасы 8,7%-ға, оның ішінде қой еті – 15,1%-ға, жылқы еті - 10%-ға өсті. Қарапайым адамдар үшін маңызды азық-түліктің бағасы 2 таңбалы санмен есептеледі. Сондықтан бағаның өсуін тежеуді тек тактикалық тұрғыдағы жеңіс деп санауға болады. 2022 жылдың басында Қазақстанда азық-түлік бағасы 0,2%-ға өсті. Қырыққабат – 4,3% - ға, картоп – 0,8% - ға қарақұмық – 0,4% - ға, сәбіз – 0,2% - ға, күріш, қант және тұз – 0,1% - ға қымбаттады, - деп мәлімет берді Айқын Қоңыров.

Оның сөзінше, өсімнің объективті себептері бар.

Біріншіден, жыл басында сұраныстың дәстүрлі төмендеуінен кейін баға қайтадан өседі, кейін тауар бағасының өсуіне қызмет көрсету бағасы қосылады.

Екіншіден, қазіргі бағаны жасанды түрде ұстап тұру «инфляциялық серіппенің» әлеуетін арттырады.

Үшіншіден, баға мәселесімен біз ғана бетпе-бет келмейміз. Жаһандық инфляция және оған мемлекеттердің бейімделуі 2022 жылдың басты экономикалық сын-тегеуріні болады.

Ең оптимистік болжамға сәйкес, 2022 жылдың бірінші тоқсанында әлемдік инфляция шырқау шегіне жетеді, содан кейін біртіндеп төмендейді. Ұсыныс ұзақ уақыт бойы сұранысты қанағаттандыра алмайды, логистика саласындағы проблема сақталады. Ең пессимистік бағалау бойынша біз жеделдетілген инфляция мен ақшаның құнсыздануының ұзақ, көпжылдық кезеңіне кіреміз. Мұның барлығы Қазақстан үшін маңызды, өйткені біз тұтыну тауарларының, жабдықтардың, жиынтықтауыштардың және құрауыштардың басым көпшілігі бойынша импортқа тәуелдіміз, - дейді депутат.

Ол «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы жаңа Үкіметті инфляцияға қарсы жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды. 

Қазақстанда қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге бағдарланған инфляцияға қарсы ұлттық стратегия болуы тиіс. Қазақстандағы инфляция монетарлық емес, біз оны импорттаймыз. Инфляциямен ақша-кредит саясатын қатаңдату әдісін қолдану арқылы күресуге болмайды. Біздің ортақ міндетіміз – тепе-теңдік тауып, халықтың  табысының нақты өсімін қамтамасыз ету, жалақы мен әлеуметтік төлемнің өсімі тұтыну бағасының өсімінен қалып қоюына жол бермеу. Бұл үшін халықтың түрлі тобына қатысты инфляцияны есептеу керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті анықтау және олардың динамикасын есептеу әдістемесі ескірген. Сондықтан инфляциямен күресу үшін бірінші кезекте оны объективті есептеуді үйрену керек деп санаймыз, - деп айтты Айқын Қоңыров.

Өзгелердің жаңалығы