Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі" туралы заңға қол қойды. Осы заң аясында көне шаһарды қандай өзгерістерді күтіп тұрғанын мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалаға былтыр 1 миллионнан астам турист келді. Енді олардың саны арта бермек. Осы орайда қызмет көрсету саласы да қолға алынып жатыр. Мемлекет адам санына байланысты тиісті шаралар қолданып, қосымша маршрут пен автобустар ұйымдастырады. Осыған қоса қалада қонақүй салу бойынша 30-ға жуық жоба бар. Жалпы шаһарға келіп-кетушілер артады деп кәміл сенемін, - деді ол.
Оның айтуынша, рухани астанаға келетін турист санын қазіргіден де арттыру жағын жан-жақты ойлану керек.
Біз тек бір күндік емес, үш күндік сарапларды ұйымдастыруды ойлануымыз қажет. Осындай ұсыныс та айтқан едім. Себебі Түркістанда Арыстан баб кесенесі де, ар жақта Сайрам да бар. Осындай тарихи-мәдение мұрамыз бен ата-бабамыз жатқан рухани ошақтарды көрсетуді жүйелі жоспарлау керек. Көрші елдегі Самарқандқа жылына 5-6 млн адам барады екен. Түркістан ол жақтан артық болмаса, кем емес. Сондықтан осы бағытта барынша жұмыс істеу керек. Сондықтан жақын-алыс шетелге осындай киелі мекен мен мұраны таныту қажет. Сол кезде адамдар өздері ағылады, - деді Темір Қырықбаев.
Рухани астана саналатын Түркістан қаласы болашақта қалай дамитыны жайлы жоспарды "Мінбер" жобасындағы сұхбаттан біле аласыздар.