Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаты Қазыбек Иса Түркістан облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Түркістандық зиялы қауым өкілдері қалаға ерекше мәртебе беру туралы заңды зор ықыласпен қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әңгімелесу барысында Қазыбек Иса руханиятты қолдауға бағытталған бірқатар бастамаларға тоқталды. Соның ішінде жуырда ғана Мәжілісте қабылданған Түркістан облысына ерекше мәртебе беру туралы заңы зиялы қауым өкілдері тарапынан ерекше қолдау тапты.
Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы заң қабылданды. Оны дайындауға облысымыздағы бірқатар зиялылар атсалысты. Қаншама талқылау мен ұсыныстар айтылды. Парламентте қолдау тапқанына қуаныштымыз. Түркістан тарихының жаңаша түлеуге жол ашылғанына шынайы ризамыз, - деді тарихшы Хазретәлі Тұрсын.
Ал Қазыбек Исаның айтуынша, аталған заң Түркістанға ерекше мәртебе беріп қана қоймай, қаланың қарыштап дамуына, өңірге қомақты инвестиция тартуға, мәдени-рухани құндылықтарды сақтап қалуға зор септігін тигізбек.
Өз кезегінде "Turkistan Media Holding" басқарушы директоры Тельман Бейсен тарихи орындар саналатын "Қызқорған", "Балақорған" қамалдарын мемлекеттік қорғауға алуды ұсынды. Осы киелі жерлерге баратын жолды жөндеп, туристерге қолайлы жағдай жасауға шақырды.
Кешегі біздің қабылдаған заңымыз осындай құндылықтарға қызмет етуі керек. Қасиетті жерлердің маңызын сақтауымыз қажет, - деді Қазыбек Иса.