Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.
Депутаттық сауал мектепке дейінгі білім мекемелерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін іске асыруға бағытталған.
Депутат Фахриддин Қаратаев бұл сауал осыған дейін бірнеше рет көтерілгенін атап өтті.
Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшалар аянышты жағдайда тұр. Облыста жекеменшік балабақшалардағы жан басына қаржыландыру мәселесі республика бойынша ең төменгі мөлшерде. Яғни 25 582 теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы бұйрығымен бекітілген жан басына қаржыландыру әдістемесіне сәйкес ауылдық жерлерде 41 053 теңге, қалалық жерде 37 527 теңгені құрауы тиіс, - деді ол.
Айтуынша, бүгінгі күні облыс бойынша 1 024 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Яғни облыс бойынша 72%-ды қамтиды.
Осы балабақшаларда 115 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. 50 мың бала аз қамтылған, 25 100 бала көпбалалы отбасынан келеді. Жекеменшік балабақшаларда 36 840 адам тұрғылықты жұмыспен қамтылған. Оның 19 мыңнан астамы педагог қызметкерлер мен тәрбиешілер. Олардың айлық жалақысы 42 500 теңгеден 70 мың теңге аралығында. Қызметкерлердің 50%-дан астамы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар. 10 мыңнан астам адам ең төменгі жалақыға жұмыс істеп жүр, - деп толықтырды депутат Қаратаев.
Түркістан облысы бойынша жергілікті бюджеттен қаржы тапшылығына байланысты соңғы 3 жылда педагог кадрлардың айлық жалақысының өсуіне қарамастан жан басына қаржыландыру мөлшеріне қосымша қаржы қарастырылмаған. Осының салдарынан бүгінгі таңда облыс бойынша 23,5 млрд теңге қаржы тапшылығы туындап отыр.
Ол жергілікті атқарушы органдар, облыс әкімі бұл қаржыны жергілікті бюджеттен төлеу мүмкіндігі мүлдем жоқ екенін жеткізіп отырғанын айтты. Бұл мәселені жекеменшік балабақшалар басшылары 3 жылдан бері көтеріп, барлық атқарушы мемлекеттік органдарға хат жолданған болатын. Алайда осы күнге дейін мәселенің шешімі табылмады.
Жан басына қаржыландыру мемлекеттік білім тапсырмасын орындау үшін Түркістан облысы бойынша 23,5 млрд теңге тапсырыс берілген. Бірақ республикалық бюджеттік комиссияның 2021 жылғы 20 сәуірдегі шешімімен бұл шығыстар қолдау таппады. Егер бұл мәселе биыл да шешімін таппаса, онда кәсіпкерлер қыркүйек айынан жаппай жұмыстарын амалсыз тоқтататынын білдіріп жатыр. Ол кезде тағы да 100 мың бала балабақшасыз, 20 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Білім министрі Тамыз кеңесінде педагогтардың, балабақша тәрбиешелерінің айлық жалақысы қыркүйек айынан бастап тағы 25%-ға көбейетіні туралы айтқан болатын, - деді депутат.