Депутат шаруалардың несиесін кешіруді ұсынды

3 Сәуір 2024, 14:50
356
Бөлісу:
Депутат шаруалардың несиесін кешіруді ұсынды
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин жұт мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Арқада мал қырылды, қырылмағаны, көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға кірді. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден астам жылқы құлаған. Ауыл тұрғындары бағып отырған малдарының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына жарты айдан асты. Тек қана Қаражалдың өзінде – 566 бас жылқының өлексесі жиналды. Жиналмай дала шашылып жатқаны қаншама?! - деді депутат.

Сатыбалдиннің айтуынша, жұт тек Ұлытау жерінде ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды.

Мұндай қыспақ жылда соқпайды, осындай ауыр жағдайға қалған елге дер кезде мемлекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек беретін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды. Қыстың ортасында жауған жауынды көріп, біліп отырған жауапты мемлекеттік мекемелер бола тұра, Ұлытау облысында болып жатқан табиғаттың қауіпті және дүлей құбылыстарының жұтқа әкеліп соғатыны туралы болжам жасап, жергілікті әкімдіктерге ескерте алмады. Мемлекеттік бақылау мен реттеудің салғырттығын осыдан да көрсек болады, - деп айтты мәжілісмен.

Депутат мынадай ұсыныстарын айтты:

  1. Зардап шеккен шаруа қожалықтары мен өлім-жітімге ұшыраған мал басы санағын жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тіркеуде болмаған малдардын санаққа енгізуге рұқсат беру.
  2. Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялау.
  3. Жұттан титыққан шаруаларға қолдау ретінде ауылшаруашылық мақсаттарға алған несиелеріне кешірім жариялау.
  4. Мал өлекселерін жою жұмыстарын жүргізе отырып, малдарға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын да мемлекет есебінен ұйымдастыру қажет.
Өзгелердің жаңалығы