Депутат Семей полигонынан зардап шеккендерге жәрдемақы беру мәселесін шешуді сұрады

13 Сәуір 2022, 17:12
3420
Бөлісу:
Депутат Семей полигонынан зардап шеккендерге жәрдемақы беру мәселесін шешуді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Семей ядролық сынақ полигонының салдарынан зардап шеккен ардагерлер өтініштер жолдап отырғанын айтып, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады.

Қазіргі таңда осы ядролық сынақтан зардап шеккендердің ішінде ауруға шалдыққан азаматтардың саны артып отыр. Олар әсіресе ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қатерлі онкологиялық, жүрек-қан тамырлары аурулары. Алайда мемлекет тарапынан осы азаматтарға жеңілдіктер мен жәрдемақылар беру мәселесі бүгінгі күнге дейін оң шешімін таппай отыр, - деп айтты депутат.

Смағұлдың сөзінше, мәселе әскери борышын өтеу кезінде Семей полигонындағы ядролық қару сынақтарының зардаптарына тікелей ұшыраған Қазақстан Республикасының азаматтарына, аса қауіпті бөлімше ардагерлеріне қатысты. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сәйкес Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызмет өткерген Қазақстан Республикасы азаматтарының саны 9 646 адам. «Ардагерлер туралы» заңның 6-бабына сәйкес жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер қатарына ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар жатады. Бірақ ядролық сынақтың зардаптарына тікелей ұшыраған адамдар сол кездегі әскери борышын өтеуші тұлғалар бұл тізімге жатпайды, - дейді ол.

Оның себебі - осы заңның 9-бабына сәйкес Ардагерлердің мәртебесi ядролық сынақтарға тiкелей қатысуды растайтын анықтамалардың, әскери билеттердiң және өзге де құжаттардың, жаралану, мүгедектiк туралы анықтамалардың, сот-медициналық қорытындылардың негiзiнде белгіленеді.

Ядролық сынақтарға тікелей қатысқан тұлғаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны алу мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінген кезде өтініш берушілер, міне, ұзақ жылдар бойы, анықтама тапсыруды талап ететін жауаптар алып келеді. Бұл ретте, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi мен Қорғаныс министрлiгiнiң бiрлескен iс-әрекетi арқылы қажеттi мәлiметтер алудың қолайлы механизмдерін әзiрлеуге болатын еді. Алайда уәкілетті органдар жылдар бойы ардагерлермен хат алысып, түрлі себептермен мәселені түбегейлі шешуден бас тартып, сол арқылы олардың депутаттарға келіп шағымдануын туғызып отыр, - деп айтты Мәжіліс депутаты өз сауалында.

Депутат Бақытбек Смағұл осы мәселелер негізінде Үкіметтен аса қауіпті бөлімшелердің ардагерлеріне қатысты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру бойынша жедел шаралар қабылдауды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы