Депутат сауатты болып көрінетін министрлердің жұмысын сынға алды

6 Желтоқсан 2023, 17:14
776
Бөлісу:
Депутат сауатты болып көрінетін министрлердің жұмысын сынға алды
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында Үкіметтің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азат Перуашев атап өткендей, Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерін Президент Әкімшілігінің қадағалауынан босатып, оларға іс-әрекет еркіндігін беріп, сонымен қатар жауапкершілікті мойнына алуды тапсырды.

Бұл шешім «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына толығымен сәйкес келеді деп есептейміз, яғни, Үкімет бұдан былай, Әкімшіліктің емес, Президент пен Парламенттің алдында есеп беруі тиіс. Алайда Үкімет бұл тапсырманы орындауға әлі де асығатын емес. Сауатты болып көрінетін министрлер жауапты сәтте жалт беріп, Әкімшіліктен «құнды нұсқауларды» күтетінін көріп жүрміз. Әлі күнге дейін күрделі мәселелер тек Президенттің тікелей бұйрығынан кейін ғана қабылданады. Қарағандыдағы шахтада жарылыс немесе Алматыда хостел өрт сияқты қоғамда резонанс тудырған оқиғаларды алсақ, тағы да Президенттің өзі араласуға мәжбүр болды, - деді депутат.

Оның сөзінше, Мәжіліс депутаттарының заң шығарушылық жұмысының барысында да, батыл нормалар енгізілетін болса, министрліктердің өкілдері соны Үкіметтің қорытындысына жіберуді сұрап, ал сосын Президент Әкімшілігінің пікірін күту тәжірибесі жиі таралған.

Бұл Президент Жолдауында айтылған тапсырмаға қайшы келеді. Сондықтан Президент Әкімшілігінің нұсқауларынан Үкіметтің жұмысын дербес ету жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасы, оған тиісті серпін мен динамика береді деп сенеміз. Президент өз Жолдауында атап өткендей, жаңа экономикалық саясаттың қағидаларын нақты айқындаумен қатар, әрбір министр өз саласы бойынша жауапкершілікті, ведомстволық саясатты жүзеге асыруды өз мойнына алуы қажет, - деп айтты Азат Перуашев өз сауалында.

«Ақ жол» демпартиясының фракциясы Үкіметке мынадай сұрақтар жолдады:

1) Президенттің Жолдауындағы тапсырмасын жүзеге асыру бойынша Үкіметтің және үкімет мүшелерінің шешімдері өздігінен дербес болу үшін қандай нормативтік өзгерістер енгізілді?

2) Бұл өзгерістерді іске асыру үшін қандай заңдарға (мысалы, «Үкімет туралы» Конституциялық заңға) тиісті толықтырулар керек, Үкіметтен осындай бастама бола ма, болмаса Мәжіліс депутаттары бұл жұмысты қолға алуға дайын.

Өзгелердің жаңалығы