Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жалпы қоғам бақылауынан тыс қалып отырғанына шағымданып, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған болатын.
Заң жобасында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын заңның қолдану аясынан шығару ұсынылған. Негіздемеде қордың жанында қоғамдық кеңестің болуы көрсетіледі. Яғни бұл ұйым жалпы қоғам бақылауынан тыс қалып отыр деп айтуға болады. Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорын мен ұйымның ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету қажет екенін бірнеше рет айтты. «Самұрық-Қазына» қоры елдің стратегиялық активтерін басқаруда шешуші рөл атқаратынын айта келе, Үкіметке квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау, қордың өз шешімдерінің деңгейінде қабылданатын мәселелер санын қысқарту жөнінде де ұсыныстар әзірлеу туралы тапсырма берген. Қазіргі таңда қор көптеген әлеуметтік мәселеге миллиардтаған қаржы бөледі, - деді депутат.
Оның сөзінше, кейбір портфельдік компаниялардың, әсіресе халыққа қызмет көрсететін Air Astana, Қазақстан темір жолы компанияларының қаржылық шаруашылық қызметіне қатысты қоғамда көптеген сұрақ туындап жатады.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұлттық компаниялардың қызметін азаматтардың тарапынан «қоғамдық бақылау қажет» деген норманы депутаттар тарапынан ұсынған болатынбыз. Алайда жұмыс тобында бұл нормаға мемлекеттік органдар да, қор да қарсы болды. Неге ұлттық әл-ауқат қорына басқа мемлекеттік органдарға қарағанда заңнамалық деңгейде қоғамдық бақылаудың тең емес тәсілдері бекітілген? Неге Мемлекет басшысының тапсырмасы назарға алынбайды? – деп сұрақ қойды депутат министрге.
Ал өз кезегінде Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі қоғамдық бақылау ашық азаматтық қоғамға жасалып отырған қадам екенін айтты.
Квазимемлекеттік секторға қоғамдық бақылау орнатылатыны – бұл бірінші қадам. Сұрағыңыз өте орынды. «Самұрық-Қазына» қоры қазір қоғамдық кеңес арқылы бақыланады. Онда да арнайы қоғамдық кеңес бар. Сондай-ақ ол ел экономикасына ауқымды үлес қосым жатқан мекеме. Онда шетелдік инвесторлар да көп. Жалпы алып қарағанда, Үкіметтің ұстанымы белгілі. Бұл мәселе тағы да талқыланады деп ойлаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы баршамызға ортақ, - деп Дархан Қыдырәлі мәжілісменнің сұрағаны жауап берді.