Депутат қызметкерлеріне қысым көрсеткен басшыны қызметінен босатуды ұсынды

Бөлісу:
Депутат қызметкерлеріне қысым көрсеткен басшыны қызметінен босатуды ұсынды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау елімізде кадр тапшылығы өте өзекті екенін көтерді. Депутат Үкімет басшысына ұсыныстарын айтып, сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда, кадр тапшылығы – өте өткір мәселелердің қатарында. 2030 жылға қарай мамандарға деген қажеттілік 1 млн 800 мың адамға дейін жетуі мүмкін.

Бір жылдың көлемінде Алматыдағы №1 қалалық клиникалық ауруханасында 398 адам, №10 қалалық емханасында 121 адам, №30 қалалық емханасында 90 адам және Көкшетаудағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасында 153 адам жұмыстан кеткен. Барлығының да айтары бір, ол – жаңа басшының келуімен қысымның күшейіп кетуі. Сірә, қызметкерлерді жұмыстан шығарудың тиімді тәсілі – қысым көрсету болса керек, - дейді депутат.

Нұргүл Тау аймақтарға жұмыс сапарымен барған кезде де осыған ұқсас жайтқа тап болған. Нақтырақ айтқанда, Алматы қаласы Кардиологиялық орталығында зейнет жасындағы жаңа басшының келуімен министрліктің базасынан алынған мәліметтерге сәйкес 1 жылдың ішінде 218 маман жұмыстан шыққан. Олардың қатарында білікті кардиохирургтар, 15-20 жылдан астам қызмет еткен тәжірибелі дәрігерлер, зейнет жасына таяған мамандар, техникалық қызметкерлер бар. Түрлі қысым көріп жұмыстан шыққан ақ халатты жандар уәкілетті органдарға ұжымдық хат жолдаған, бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат та берген.

Депутат мұндай жағдай денсаулық сақтау, білім беру секілді мемлекеттік және бюджеттік салаларда жиі кездесетінін атап өтті.

Нұргүл Тау мынадай ұсыныстар енгізді:

Біріншіден, үлкен ұйымдарда бір жылдың көлемінде қол астындағы жұмысшылардың 30%-нан астамы жұмыстан шыққан жағдайда бірінші басшыға әкімшілік жауапкершілік тағайындау, сондай-ақ 50%-ы жұмыстан шыққан жағдайда басшыны лауазымдық қызметінен босату ұсынылады. Бұл шара аталған мәселенің қайталанбауына, басшы құрамның өзімен бірге командасын ертіп жүруін тоқтатуға бағытталуы керек.

Екіншіден, еңбек министрлігі жұмыстан жаппай шығу немесе шығару жағдайларының есебін жүргізуі, тиімді тексеріс өткізу әдістерін әзірлеуі және қолданысқа енгізуі керек. Себебі, қазіргі уақытта мұндай статистика да, нәтижелі тексеріс те жүргізіліп жатқан жоқ.

Үшіншіден, басшыға зейнет жасына таяған қызметкермен еңбек шартын жасасудан негізсіз бас тартқаны немесе тоқтатқаны үшін жауапкершілікті көздеу керек.

Төртіншіден, еліміздегі кәсіподақ қызметін жетілдіру керек. Осыған орай, еңбек министрлігі кәсіподақтардың қызметіне қатысты ашықтықты және нәтижелілікті арттыратын тетіктерді енгізуі қажет.

Өзгелердің жаңалығы