Депутат Қазбек Иса: Түркістанда тауыс құсы не істеп тұр?

16 Қыркүйек 2024, 13:01
879
Бөлісу:
Депутат Қазбек Иса: Түркістанда тауыс құсы не істеп тұр?
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс депутаты Қазбек Иса Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасының таныстырылымында баяндамашыға сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков таныстырды.

Біз Түркістан қаласының қазақ хандарының ордасы болғанын естен шығармай, басты назарда ұстауымыз керек. Сондықтан ондағы сәулеттің бәрі ұлттық үлгіде, кемінде шығыстық үлгіде жасалуы тиіс деп білемін. Ол жерге әртүрлі елдердің, Батыс немесе басқа жақтың әр нәрсесін жабыстыра бермеу керек, - деді Қазбек Иса.

Ол Түркістан қаласының сәулетін өркендеткен кезде оның, ең алдымен, ұлттық негізде болуы керегін жеткізді.  

Мысалы Түркістан қаласына кіріп бара жатқан кезде атын ешкім білмейтін, интернеттен ғана тауып алатын тауыс деген құстың ескерткіші құйрығы шұбатылып, көшені жауып тұр. Ол тауыс құсының қазақ халқының тарихына қандай қатысы бар? Тауыс құсы – Римдегі, Шығыстағы Парсы тағы басқа қалалардың патшаларының әйелдерінің ойнап отыратын құсы. Неге ол жерде тауыс құсы емес, біздің көк туымыздағы қыранның ескерткіші болмайды? – деді депутат.

Ол сондай-ақ Түркістанда салынатын ескерткіштер көркемдік кеңес арқылы шешілуі керек деп санайды.

Сізбен толығымен келісеміз. Заң жобасында да осы нәрселерге қатысты түзетулер, баптар бар, - деп жауап берді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасы мақұлданған еді.

Өзгелердің жаңалығы