Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығы мен заңға деген сенімі кезең-кезеңімен нығайып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, әрбір азамат үшін басты ұстаным - құқықтық сауаттылық болуы тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Азаматтардың ең бірінші ұстанатын қағидасы - құқықтық сауаттылық. Егер біз Конституцияны бір рет оқып, оны өзімізге өмірлік ұстаным етіп алсақ, заңға деген құрмет те, қоғамды реттеп отырған ережелерге деген сенім де қалыптасады, - деді депутат.
Үнзила Шапақ кеңестік кезеңде халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше мән берілгенін еске салды. Оның айтуынша, ол кезде қарапайым азаматтардың өз құқықтарын білуі мен қорғауына жағдай жасалған.
Бұрын кеңес үкіметі кезінде жұмыс орындарында халықты құқықтық сауаттандыруға арналған арнайы оқулар жүргізілген. Бұл адамдардың өз құқықтарын іске асыруына, қорғалуына және құқық бұзушылықтың алдын алуға қажет болды, - деді ол.
Депутат бүгінгі таңда да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Мектептерде “Құқық негіздері” пәні оқытылып, азаматтардың құқықтық тәрбиесіне назар аударылып отыр.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желілердің дамуы азаматтардың өмірге деген белсенділігін арттырып, құқықтық сауаттың өсуіне ықпал еткенін айтты.
Әлеуметтік желілер мен азаматтардың белсенділігіне байланысты құқықтық сауаттылықтың белгілі бір деңгейде артқанын сезіп отырмыз, - деді Үнзила Шапақ.
Депутат Мемлекет басшысы ұсынған “Заң және тәртіп” қағидатының қоғам үшін маңызын да ерекше атап өтті.
Бұл бастама заңға бағынуды, заң нормаларын құрметтеуді және құқық бұзушылыққа, біреудің құқығын сыйламауға мүлдем төзбеушілік қағидасын қалыптастыруға бағытталған, - деді ол.
Оның айтуынша, азаматтардың парламенттік реформаларға қызығушылық танытып, пікір білдіруі де құқықтық мәдениеттің артқанын көрсетеді.
Азаматтардың парламенттік реформаларға қатысты өз пікірін жазып, белсенділік танытуы - құқықтық сауаттылықтың өскенінің айқын белгісі. Сонымен қатар онлайн және электронды құқықтық көмек платформаларына жүгінетін адамдардың саны да артып келеді, - деп түйіндеді депутат.